Түркістанда полиция қызметкері бір адамды атып, мерт қылды

18.11.2025 14:13

Оқиға кеше Мақтаарал ауданында болған

Түркістанда тағы да сұмдық. Бұл жолы полиция қызметкері бір адамды атып, мерт қылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оқиға кеше Мақтаарал ауданында болған. Қарулы ер адам бұрынғы әйеліне барып, балаларының көзінше айқай-шу шығарыпты. Ал полиция келген уақытта күдікті көрші үйдің ауласындағы сарайға тығылып, тәртіп сақшыларына оқ жаудырған. Қақтығысты тоқтату үшін учаскелік инспектор алдымен ауаға ескерту оқ атыпты, болмаған соң заңнамаға сәйкес күдіктіге қару қолданған. Салдарынан құқық бұзушы оқиға орнында қайтыс болды. Ал жараланған полицей қазір ауруханада жатыр.

«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тексеру барысында тіркелмеген шолақ мылтық, патрондар мен гильзалар тәркіленді. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау үшін қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында», – деді Полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Бауыржан Зиятаев.

Оқи отырыңыз: Түркістан облысында өрттен қаза тапқан 12 адамның аты-жөні белгілі болды