Мұнда кәсіби спортшылар ғана емес, өз күшін сынап көруге келген әуесқойлар да көп
Әлемнің жиырма алты елінен үш мыңнан астам желаяқ Түркістанға ағылды. Республика күніне орай көне шаһарда дәстүрлі «Turkistan Marathon» жалауын көтерді. Қатысушылар Ясауи кесенесі мен тарихи көшелерді бойлай жүгіріп, халықаралық деңгейдегі жүлделерді сарапқа салды. Дүбірлі доданың ең әсерлі сәттері мен жарыс барысын Almaty.tv тілшісі баяндайды.
Таң атар-атпастан Түркістандағы «Karavan Saray» кешені маңы нағыз спорт мерекесіне айналды. Мұнда кәсіби спортшылар ғана емес, өз күшін сынап көруге келген әуесқойлар да көп. Бес түрлі қашықтық қарастырылған: бірі 42 шақырымды бағындырса, енді бірі балаларымен 3 шақырымға жүгірді. Тіпті скандинавиялық жүрісті серік еткендер де бар.
Қатысушылар Ясауи кесенесі мен негізгі тарихи көшелерді бойлай жүгірді. Марафоншыларды қолдауға мыңдаған жанкүйер келіп, қаладағы қонақ үйлер мен демалыс орындарына жайғасты. Осылайша, көне шаһар соңғы жылдары тек тарихи орталық қана емес, ауқымды спорт додалары өтетін негізгі алаңның біріне айналды.
"Түркістан халықаралық спорт додалары өтетін маңызды орталыққа айналып келеді. Ұлттық спортты дамыту мақсатында Түркістан ипподромның ашылуы аясында көкпардан әлем чемпионаты, асық атудан әлем кубогы, дәстүрлі садақ атудан Азия чемпионаты, теңге ілуден Азия кубогы ұйымдастырылды", - деп атап өтті Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев.
Табандылық пен төзімділікті талап еткен сайыс мәресіне жетіп, бес бағыт бойынша да үздіктер есімі белгілі болды. Жүйріктерге арнайы медальдар мен қаржылай сертификаттар табысталды. Бұл күні көбі тұғыр биігінен көрінсе, енді бірі өзінің бұған дейінгі спорттық нәтижесін жаңартып, жеке рекордын тіркеді.
"Өзімнің жеке рекордымды жаңарттым. Өте күшті, өйткені осы жарысқа жақсы форма жинап келдім. Өзімнің дайындалған уақытыммен жүгіріп өттім. Өте қуаныштымын", - деді жарысқа қатысушы Ақбаян Нұрмамет.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жыл сайын географиясы кеңейіп келе жатқан халықаралық жарыс алдағы дәстүрлі түрде жалғаса бермек.
Нұркен Әкімхан - Almaty TV телеарнасы - Түркістан.
Оқи отырыңыз: Алматының Алатау ауданында Республика күні кең көлемде аталып өтті