Алматының Алатау ауданында Республика күні кең көлемде аталып өтті

Кешке келген көрермен рухани әсерге бөленіп қайтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Республика күнін Алматының әр ауданы ерекше атап өтіп жатыр. Шаһардың көрікті аудандарының бірі Алатауда мерекелік концерт өтті. Сахнада патриоттық әндер шырқалып, ұлттық өнер ұлықталды. Жиналған жұрт әсем әуен тыңдап, көңіл көтеріп, марқайып қайтты. Алатау дәстүрлі өнер театрының төрінде өткен кешке Almaty.tv тілшісі де қатысып келді.

Республика күніне орай ұйымдастырылған концерт қала тұрғындарын бір ортаға біріктірді. Әуезді кешке аудан әкімі Данияр Қырықбаев қатысып, ауданның дамуына үлес қосып жүрген түрлі сала өкілдеріне алғыс хат табыстап, айтулы күннің маңыздылығына тоқталды. 

"1990 жылы 25 қазанда қабылданған мемлекеттік егемендік туралы декларация Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасуына жол ашқан тарихи қадам болды.  Осы  айтулы мереке күні әр шаңыраққа шаттық, әр отбасына амандық, молшылық пен береке тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын", - деп атап өтті Алатау ауданының әкімі Данияр Қырықбаев.

"Алатау ауданы тұрғындары және қала қонақтары үшін жасалып жатқан Республика күніне арналған іс-шарамыз 700-ге жуық көрерменнің қатысуымен болып жатыр. Ауданымыздың тұрғындарына жақсы көңіл күй сыйлау мақсатында, патриоттық сезімді ояту мақсатында бүгінгі іс-шарамыз аталып өтуде", - деп түсіндірді Алатау ауданы әкімінің аппараты мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әлімжан Әлжан.

Өнер жұлдыздары рухқа толы туындылар орындап, концертке патриоттық реңк берді. Кешке келген көрермен рухани әсерге бөленіп қайтты. 

"Осындай жақсы мерекелер қазақ елінде бола берсін. Бүгінгі концерт ауқымды, өте керемет өтті, адам көп болды. Біз әрдайым ауданның белсенді тұрғыны ретінде осы жерге концертке келіп тұрамыз. Бізге өте ұнайды", - деп өз ойымен бөлісті қала тұрғыны Ұлжан Сүлейменова.

"Алатау дәстүрлі театрында біздің мемлекеттік мерекеміз қарсаңына қарай үлкен концерт ұйымдастырылған болатын. Жалпы бұл біздің мемлекетке маңызды іс-шаралардың бірі деп айтсам болады. Біздің көпшілік қауымның әсері өте керемет", - деп қосты тағы бір тұрғын Гауһар Аязбек. 

Республика күні – елдің өткенін бағамдап, бүгінін саралап, болашағына сеніммен қарауға үндейтін мереке. Алатау ауданындағы концерт те осы айтулы күннің мәнін айшықтап, тұрғындардың жанын жадыратты. 

Айдана Шалқар, Ернат Болатбек - Almaty TV телеарнасы.

Оқи отырыңыз: Егемендік декларациясы ел тарихында қандай рөл атқарды