Түркістанда рұқсатсыз бой көтерген 562 нысан анықталды

Облыс әкімі аудан, қала әкімдеріне салынып қойған құрылыстарға рұқсат құжатын рәсімдеу практикасын тоқтатуды тапсырды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістанда рұқсатсыз бой көтерген 562 нысан анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биыл заңсыз құрылыс салушыларға 163 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Мамандардың айтуынша, бұл нысандардың көпшілігі тиісті талаптарға сай емес. Кейбірінде техникалық қауіпсіздік ережелері сақталмаған болса, енді бірінде қажетті рұқсат құжаттары болмаған.

«Нәтижесінде заңбұзушылықтарды жоюға 187 нұсқама, оның ішінде 40 нұсқама бөлшектеп бұзуға берілді. Сонымен бірге жыл басынан бастап сотқа 8 нысанды мәжбүрлеп бұзуға талап арыз жолданып, оның екеуі қанағаттандырылып, қалғандары қаралып жатыр», – деді Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Сұлтанғали Жалқұл.

Жауапты басқарма жетекшісі «айыппұлмен шектелмей, заңсыз нысандарды сүріп тастаймыз» деп кесіп айтты. Бұл жағдайды, тіпті облыс әкімі де өз бақылауына алған. Енді өңір басшысы талап бұзғандарға қатаң шара қолданбақ.

«Алдағы уақытта жаңадан заңсыз құрылыс нысандары анықталған жағдайда, бірінші кезекте ауыл округ әкімдеріне және аудан әкімдерінің салаға жауапты орынбасарларына қатаң түрде тәртіптік шара қолданатынымды ескертемін. Аудан, қала әкімдері салынып қойған құрылыстарға рұқсат құжаттарын рәсімдеп беру практикасын тоқтатуды тапсырамын», – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

Айта кетейік, биыл Түркістан облысында 1200-ге жуық нысанның құрылысы қолға алынған. Соның тек 15 пайызы - мемлекет қаржысына салынса, қалғаны жеке инвесторлар есебінен тұрғызылып жатыр. Ал аталған ғимараттың барлығына бақылау күшейтілмек. 

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Дархан Сатыбалды: Мәселені шешкеннен гөрі, алдын алған әлдеқайда маңызды

Новости партнеров