Түркістанда үш жылдан бері ауыз сусыз отырған ауыл тұрғындары жанайқайын жеткізді

02.07.2025 21:27

Аймақта тағы төрт ауыл ауыз сусыз отырған көрінеді

Түркістан облысының тұрғындары шіліңгір шілдеде ауыз суға зар болып отыр. Мұндағы бұқара жаз шықса болды, тіршілік нәрін есептеп ішуге мәжбүр болады. Олар «бұл – бір емес, бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқан түйткіл» дейді. Әбден қажыған халық жергілікті билікке үміт артуды да қойған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі

«Міне, бөшкелер қаңырап тұр. Жинаған сумен бетімізді жуып, артынша сол суға кір жуамыз. Төкпейміз. Есік алдына су шашылмайды. Су жоқ, шаңы шығып жатыр. Бау-бақшаға, малға қажетті су туралы айтпай-ақ та қояйын. Өзіміз су таппай отырмыз», - деп күйінеді тұрғындар.

Арыс қаласына қарасты Қабылсай ауылында дәл осылай тіршілікке тықыр таянып, тұрғындар арпалысып отыр. Бүгінде мұндағы жұртшылық аптап ыстықта ауыз суды сатып алып ішуге мәжбүр. Себебі аймақта су жүйесі жоқ, құбыр тартылмаған көрінеді.

«Кейбір тұрғындар суды 15 мың теңгеге су таситын көлікпен әкеліп жатыр. Амал жоқ, басқа не істейміз? Бұл мәселе әкімге де, оның орынбасарына да айтылды. Уақытысында барып, бәрін жеткіздік. Бірақ еш нәтиже жоқ. "Құбыр тартамыз" дейді. Ол құбырды қашан тартады? Су сонда қай кезде келеді? "Қабылсайға тікелей құбыр жүргіземіз" деп уәде берген. Бірақ ол жұмыс әлі басталған да жоқ», - дейді Қабылсай ауылының тұрғыны Базарбай Мейірбеков.

Ауыл тұрғындары үш жылдан бері ауыз су үшін арпалысып жүргенін айтады. Қағаз жүзінде уәде көп, бірақ еш нәтиже жоқ. Ең өкініштісі – бұл жағдай тек Қабылсайға тән емес, аймақта тағы төрт ауыл осындай күйде отырған көрінеді.

«Құбырлардың ақауы болуына байланысты су тұрақты берілмей тұр. Қазір ақауларды су беруші мекеме ретке келтіреді. Содан кейін сорғыш керек пе, басқа нәрсае керек пе, бәрін келісіп, халыққа су беруге тырысамыз», - деді ТҮКШ Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Берік Орынбасарұлы.

Жауаптылардың сөзіне сенсек, биыл ауылға құбыр тарту жұмыстары басталады. Ол үшін бюджеттен 100 млн теңге бөлініп те қойыпты. Бірақ шөлдеген халыққа қағаздағы уәде жұбаныш болмай отыр.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Жарық та, жол да, жедел жәрдем де жоқ: Жаңадәуір жұрты мұң-зарын айтты