Түркістанда жүкті әйелге көмекке барған фельдшер соққының астына қалды

28.08.2025 16:28

Жұдырық ала жүгірген сотқар мен жапа шеккен тарап келісімге келген көрінеді

«Ақ халаттылар тағы да таяқ жеді». Түркістанда жүкті әйелге көмекке барған фельдшерді оның күйеуі соққының астына алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Екі күн бұрын жедел жәрдемге кезекті шақырту жүкті әйелден түседі. Фельдшер соқырішекке күдіктеніп, келіншектің ішін ұстап, тексерген. Бірақ мұнысы жанында тұрған күйеуіне ұнамапты. Осыдан соң ашуға булыққан еркек дәрігерді аяусыз сабап тастаған. Оқиғаға куә болған практикант сол сәтте медицина қызметкерінің есеңгіреп қалғанын айтты.

«Бірінші оң жақ бетінен жұдырықпен ұрды, ұрған кезде басымен стенаға соғылып, отырып қалды. Отырған кезде аяғымен қатты күшпен бетінен тепті. Ағай мең-зең боп қалды, аяғымен үшінші рет тепті, иығына тиді. Анасы келіп ажыратып алды», – деді фельдшер-практикант Жанель Қуанышбек.

Ал дәрігер ауруханадан бір-ақ шыққан. Басынан ауыр жарақат алған жігіт тіпті болған оқиғаны есіне түсіруге құлықсыз. Ал дәрігерлер «науқас толық сауығуы үшін 2 апта уақыт керек» деп отыр.

«Жабық бас ми жарақаты, бас миының шайқалуы, көз айналасындағы жұмсақ тіндерінің соғылған жарақаты, гематома диагнозымен травматологияға жатқызылды. Қазіргі таңда науқастың жағдайы орта ауырлықта, тиісті қажетті мамандар кеңесі тағайындалды», – деді Түркістан қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері Бекзат Берденов.

Бүгінде жұдырық ала жүгірген сотқар мен жапа шеккен тарап келісімге келген көрінеді. Бірақ Түркістан облысының полициясынан ресми жауап болған жоқ. Тіпті олар жаралы фельдшерден түсініктеме де алмаған көрінеді.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Түркістан облысында археологтар құнды жәдігер тапты