Төлеби ауданындағы Достық ауылының тұрғындарына тіршілік нәрі тек түнгі уақытта, екі сағатқа ғана беріледі
Түркістандықтар аптап ыстықта ауыз суға зәру. Тұрғындардың айтуынша, тіршілік нәрі тек түнгі уақытта, небәрі екі сағатқа ғана беріледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл – Төлеби ауданындағы Достық ауылы. Шағын ғана елдімекен тұрғындары үшін мұнда өмір сүру барған сайын қиындап барады. Өйткені ауыз су жоқ.
Достық ауылында тұратын Сабрия Османова түнгі үште тұрып, су келер сәтті күтеді. Себебі тіршілік нәрі дәл сол уақытта ғана беріледі. Тамшы ақса, шелек пен бөшкені толтыруға асығады. Ал су мүлде келмесе, көрші ауылға баруға тура келеді. Қиындықтың кесірінен ағайынмен араласудан қалған.
«Құдық бар, одан ішуге болмайды. Ішкен балаларымның іші өтеді. 13 немерем бар, біреуі келген жоқ. Ішетін, жуынатын су жоқ», – деді Достық ауылының тұрғыны Сабрия Османова.
Ауылға су жалғыз ұңғымадан таратылады. Ал мамандардың айтуынша, су көзінің қуаты жеткіліксіз. Себебі кей тұрғындар ауыз суды бау-бақша суаруға пайдаланады. Бұл мәселені одан әрі ушықтырып отыр. Атқамінерлердің сөзінше, жақында ауылда қосымша екі ұңғыма қазылмақ.
«Облыстық бюджеттен 4 ұңғыманы бұрғылауға қаржы бөлінді. Мердігер мекеме бір аптаның көлемінде жұмысын бастайды. Олра –Достық елдімекенін, Леңгір қаласын, Сұлтанрабат ауылындағы ауызсу мәселесін шешуге бағытталған ұңғымалар», – деді Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев.
Халық үшін ауызсу — күнделікті қажеттілік. Әкімдік жоспар әзір, енді соған сай жұмыс бастаймыз дейді. Жауаптылар бір жарым айда бәрі шешіледі деп сендіріп отыр.
Нұркен Әкімхан, Түркістан облысы
Оқи отырыңыз: Еліміздің оңтүстік өңірінде су тапшылығы байқалады