Дамудың жаңа кезеңіне бет алған Түркістан түркі әлемі көз тіккен қалаға айналып келеді
Түркістан – 6 жылдан бері облыс орталығы. Көне шаһар миллиондаған турист пен сан мыңдаған қонақтың тамашалауға асығып келетін мекеніне айналды. Бүгін екінші тынысы ашылып, екпіндеп дамып жатқан рухани қаланың халқы шаһардың мерейлі мерекесін кеңінен тойлап жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Дамудың жаңа кезеңіне бет алған Түркістан түркі әлемі көз тіккен қалаға айналып келеді. Мұнда 250-ден астам заманауи ғимарат бой көтерді. Тұрғын үйлер, мәдениет, спорт, білім мен медицина орталықтары, сондай-ақ инфрақұрылым нысандары ел игілігіне берілді. Өңірде халық саны да күн санап артып келеді. Мемлекет басшысы Түркістан қаласын облыс орталығы ғана емес, түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамытуға тапсырма берді. Сондықтан қалаға ерекше мәртебе беру туралы заң жобасы Парламент қарауына берілді.
"Құрылыс өркендеді. Түркістан қалыпқа келді. Бірақ бұл қалыпта тұрып қалуға болмайды. Қала инфрақұрылымы дамыған, ақылды қалалар пайда болып жатыр. Оның да деңгейін көтеру үшін заңнамалық негізде арнайы құжаттың болғаны да дұрыс деп есептеймін", – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп.
Руханияттың, ынтымақтастық пен тыныштықтың нағыз ордасына айналған Түркістанда бүгін қала күні аталып өтіп жатыр. Осыған орай, шаһарда түрлі іс-шара бастау алған. Мәселен өңірде «Түркістан балалар көзімен» суретшілер фестивалі өтті. Оған түрлі мектептерден 60-тан аса оқушы қатысқан.
"Тарихы терең Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін салып жатырмын. Арабша әріптерін қостым. Табиғатты жерде отырып салған ұнайды", – деді оқушы Рамазан Зәкір.
Сондай-ақ,мұнда мереке қарсаңында қолөнер фестивалі өтті. Ол жерге туындыларын алып келгендердің қатарында әлемге танылған тігіншілер де бар. V дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Гиннестің рекордтар кітабына енген шеберлер төбе көрсетті.
"Жұмсақ ойыншықтар әр балаға пайдалы. Сөмке тігеміз. Қазақтың оюларымен әрлейміз, жастар үйреніп жүрсін деп дәріптеп жүрміз", – деді қолөнер шебері Күлпан Бегалықызы.
Қала күні ұлттық спорт та ұлықталып, жастар арасында спартакиада ұйымдастырылды. Сондай-ақ кешке эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала концерт басталған.
Нұркен Әкімхан, Түркістан
Оқи отырыңыз: Алматыда Республика күніне орай мерекелік концерт өтті