Түркістанға 734 мыңға жуық турист келген

29.10.2024 22:15

Облыстың туризм саласына 53 млрд теңге инвестиция тартылды

Биыл Түркі әлемінің туристік астанасы мәртебесіне ие болған Түркістанға саяхаттаушылар саны артқан. Биыл киелі шаһарға 734 мыңға жуық адам табан тіреген. Туристердің дені Түркиядан, Ресейден, Үндістан мен Қытайдан келген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тарихы тереңде жатқан Түркістан жылдың қай мезгілінде де қонақтардан босаған емес. Туристер ең алдымен қаланың символына айналған Қожа Ахмет Яссауи кесенесін іздеп келеді. Сондай-ақ «Отырар» қорық музейін тамашалаушылар жетіп артылады.

"Кореядан келдім. Алғаш рет келуім. Қала өте әдемі. Тұрғындары да өте қонақжай. Бізге қатты ұнады",  – деді қала тұрғыны.

"Ресейден келдім. Алғаш келгенде ерекше әсер қалдырды, тағы да барамын деп өзіме уәде бергенмін, орындадым. Түркістанның саф ауасы мен табиғаты жанға тыныштық сыйлайды", – деді қала тұрғыны.

"Ақтөбеден келдім. Күннің суығына қарамастан қыдырып жүрміз", – деді қала тұрғыны.

Көп оқылған:Ақмола облысында жоғалып кеткен жасөспірім қыз басқа өңірден табылды

Киелі шаһар тарихи һәм тылсым орындарға бай. Өңірде 1780 мемлекет қорғауындағы нысан бар. Бұдан бөлек, 40 республикалық, 403 жергілікті маңыздағы ескерткіш есепте тұр. Тарихи өңірге келген туристерден қазынаға 5 млрд 600 млн теңге табыс түскен. Мамандар көрсеткіш жыл соңына дейін артатынын айтты.

"Өткен жылы туристер саны 562 мыңға жуықтаған. Ол жерде ішкі туристер, шетелдік туристер бар. Шетелдік туристер саны арнайы «Е-Qonaq» жүйесі арқылы 14 мыңнан асқан. Қазір 9 айдың қорытындысы  бойынша 17 мыңнан асып отыр, – деді облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов.

Осы жылы облыстың туризм саласына 53 млрд теңге инвестиция тартылған. Ал келесі жылы туристердің санын 2 есеге, туризм саласындағы қызмет көлемін 30 пайызға арттыру жоспарланып отыр.

Нұркен Әкімхан,  Түркістан облысы

Оқи отырыңыз: Алматылық тәртіп сақшысы самбодан әлем чемпионы атанды