2023-2025 жылдар аралығында арнаулы әлеуметтік қызметтермен 13 мыңнан астам адам қамтылды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтарға көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасы мен тиімділігін арттыру бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырып келеді. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі ретінде 2025 жылы қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау тетігі енгізіліп, жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне көшу жүзеге асырылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Лицензиялау арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету сапасы мен шарттарына қойылатын бірыңғай міндетті талаптарды қалыптастыруға мүмкіндік берді. Ал жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі бюджет қаражатының жұмсалу ашықтығын қамтамасыз етіп, қызмет көрсету жүйесін зардап шеккен азаматтардың нақты қажеттіліктеріне бейімдеуге ықпал етті. Қабылданған бұл шаралар қызмет көрсетушілердің жауапкершілігін күшейтіп, көрсетілетін қолдаудың сапасын арттыруға бағытталған.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекіткен Стандартқа сәйкес көрсетіледі. Көмек қылмыстық іс қозғалған-қозғалмағанына қарамастан ұсынылады және әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық, сондай-ақ әлеуметтік-тұрмыстық қолдау түрлерін қамтиды. Ал кәмелетке толмаған балалар дағдарыс орталықтарына ата-аналарымен немесе заңды өкілдерімен бірге қабылданады.
2023–2025 жылдар аралығында арнаулы әлеуметтік қызметтермен 13 мыңнан астам адам қамтылды. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша 1 877 азаматқа, оның ішінде 1 299 балаға көмек көрсетілді. Қазіргі таңда елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 29 ұйым жұмыс істейді. Олар республиканың барлық өңірінде, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қызмет көрсетуде.
Министрлік халықтың қажеттіліктері мен енгізілген тетіктердің тиімділігін ескере отырып, дағдарыс орталықтарының желісін одан әрі дамыту және арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын жетілдіру жұмыстарын жалғастырады.
Оқи отырыңыз: Тілсіз жау: Испанияда орман өртінен 12 адам қаза тапты