Тұздың пайдасы мен зияны: ДСМ қазақстандықтарға ескерту жасады

Depositphotos.com
Depositphotos.com

Тұздан толықтай бас тартудың қажеті жоқ, ең бастысы – оны мөлшермен пайдалану

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі тұзды шамадан тыс тұтыну денсаулыққа елеулі зиян келтіруі мүмкін екенін еске салды. Ведомствоның мәліметінше, тұз ағза үшін маңызды болғанымен, оны мөлшерден тыс пайдалану түрлі аурулардың қаупін арттырады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Мамандардың айтуынша, тұз ағзадағы су-тұз теңгерімін сақтауға, қан қысымын реттеуге, жүйке импульстерінің берілуіне және бұлшықеттердің жұмысына қажет. Ал йодталған тұз қалқанша безі ауруларының алдын алуға көмектеседі.

Алайда артық тұз қан қысымының көтерілуіне, ісінуге, бүйрек пен жүрекке қосымша салмақ түсуіне себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ инсульт, инфаркт және остеопороз қаупін арттырады. Бұған қоса, тұздың көп мөлшері шұжық, ірімшік, тұздық сияқты дайын өнімдердің құрамында жасырын болуы мүмкін.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ересек адамға тәулігіне 5 грамнан, яғни шамамен бір шай қасықтан артық тұз тұтынбауға кеңес береді.

Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі:

  • тағамға тұзды шамадан тыс қоспауға;
  • тұздың орнына табиғи дәмдеуіштерді пайдалануға;
  • өнімнің қаптамасындағы тұз мөлшеріне назар аударуға;
  • созылмалы аурулары бар адамдарға тұз тұтынуын қатаң бақылауға шақырады.

Министрлік мамандарының айтуынша, тұздан толықтай бас тартудың қажеті жоқ, ең бастысы – оны мөлшермен пайдалану.

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар 2026 жылдың тамыз айында қалай демалады