Тыл қызметтерін цифрландыру: Қарулы күштерде цифрлық трансформация сыныбы ашылды

15.06.2026 15:41

Кездесу қорытындысы бойынша генерал-майор Алмаз Жұмакеев жазғы оқу кезеңіне арналған басым міндеттерді айқындады

ҚР ҚМ баспасөз қызметі

 Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Тылы бастығының басқармасында цифрлық трансформация сыныбы пайдалануға берілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚР ҚМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа алаң әскери логистика, жабдықтау және материалдық құралдарды есепке алу үдерістерінің тиімділігін арттыруға бағытталған заманауи цифрлық шешімдерді әзірлеу, талқылау және сынақтан өткізу орталығы ретінде қызмет атқарады. Салтанатты ашылу рәсіміне Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары генерал-майор Алмаз Жұмакеев қатысты. Өз сөзінде ол елімізде жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында әскерді қамтамасыз ету жүйесіне заманауи технологияларды кеңінен енгізу ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

Оның айтуынша, интеллектуалды шешімдерді қолдану материалдық құралдарды есепке алу мен мониторинг жүргізу үдерістерінің ашықтығын қамтамасыз етіп қана қоймай, әскери бөлімдердің қажеттіліктеріне жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде басқару тиімділігін арттырып, материалдық-техникалық қамтамасыз ету жүйесінің сапасын жаңа деңгейге көтереді. Қарулы күштер Тылының бастығы полковник Арман Мансұров жаңа сынып материалдық-техникалық қамтамасыз ету саласындағы озық бастамаларды әзірлеу мен енгізудің маңызды орталығына айналатынын атап өтті. Оның пікірінше, бұл алаң мамандардың тәжірибе алмасуына, инновациялық тәсілдерді сынақтан өткізуіне және ресурстарды басқаруға арналған заманауи цифрлық құралдарды әзірлеуіне қолайлы жағдай жасайды.

Іс-шара барысында қатысушылар қазіргі кезеңдегі әскерді қамтамасыз етуді ұйымдастырудың өзекті мәселелерін жан-жақты талқылады. Атап айтқанда, ұшқышсыз авиациялық жүйелер мен роботтандырылған кешендерді дамыту, материалдық қамтамасыз ету базаларының инфрақұрылымын жетілдіру, әскери тасымалдарды ұйымдастыру, әскери қызметшілерді киім-кешекпен қамтамасыз ету, сондай-ақ тамақтандыру нысандары қызметкерлерінің арнайы киім үлгілерін біріздендіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кездесу қорытындысы бойынша генерал-майор Алмаз Жұмакеев жазғы оқу кезеңіне арналған басым міндеттерді айқындады. Ол басқару үдерістерін одан әрі цифрландыру, қамтамасыз ету жүйесінің тиімділігін арттыру және жеке құрамды сапалы даярлау бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтіп, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер мен даму бағыттарын белгіледі.

Оқи отырыңыз: Алматы Түркі әлемінің жастар астанасы мәртебесін Хиуа қаласына табыстады