Тышқан қақпаны: Сыр өңірінде сирек кездесетін бұйым табылды

2005 жылдан бері ортағасырлық Жанкент қалашығының аумағында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сыр өңіріндегі ортағасырлық Жанкент шаһарынан тышқан қақпаны табылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ерекше назар аудартқан жәдігер Орта Азия аумағында сирек кездесетін бұйымдар санатында екен. Себебі қазба барысында Жанкенттің Шахристан бөлігіндегі жиырмаға жуық үйдің орны ашылған. Ал қақпан тек бір үйден табылған. Аталған тарихи бұйым тұрмыста қолданылған көрінеді, әрі өзге аумақтан әкелінуі де мүмкін.

"Тышқан қақпаны Сыр өңірінде кейінгі ортағасырлық қалаларда да бірінші рет табылып отыр. Ал Қазақстан өңірінде бұған дейін Тараз қаласында табылған. Яғни қазіргі уақытта біз осындай бұйымның Қазақстан территориясында екеуін ғана білеміз. Көп кездеспейтін жәдігерлерге жатады. Хорезм аумағынан келген болуы мүмкін", – деді археолог Жетесби Сұлтанжанов.

Ортағасырлық Жанкент қалашығының аумағында археологиялық қазба жұмыстары 2005 жылдан бері жүргізіліп жатыр. Зерттеуге қазақстандық ғалымдардан бөлек, Германия, Ресей, Ұлыбритания ғалымдары да үлес қосқан. Айта кетейік, соңғы екі жылда жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде құндылығы жоғары экспонаттар жинақталған. Олардың қатарында қыштан және тастан дайындалған бұйымдар да бар.

"Облыстық тарихи өлкетану музейі Жанкент шаһарынан келген 100-ге жуық жәдігермен толықты. Соның ішінде ерекшелері дөңгелек формадағы қыш дастархан, оғыз орнаментті қыш ыдыстар, саптыаяқтар, қыш құмыралар және етік формасындағы, көгершін формасындағы қыш бұйымдар. Тапқан олжа – тышқан қақпаны мен дән үккіштер, диірмен тақталары", – деді Тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Айгерім Беккулиева.

Оқи отырыңыз: Art спорт: Қызылордада мемлекет қаражатын заңсыз иемденген кәсіпкерлер анықталды

Новости партнеров