Қайғылы жағдайлардың басым көпшілігі балалардың ересектердің қарауынсыз қалуынан болады
Жыл сайын жылыну маусымы басталысымен балалардың терезеден құлау оқиғалары жиілейді. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі ата-аналарға қайғылы жағдайдың алдын алу үшін қарапайым, бірақ өмірлік маңызы бар қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 5 негізгі ережесі:
Арнайы құлыптар орнатыңыз: Бала терезені өздігінен аша алмауы үшін терезе тұтқаларына арнайы бұғаттағыштар немесе балалар құлыптарын орнату қажет.
Жиһаздың орналасуына мән беріңіз: Терезе алдына бала оңай міне алатындай төсек, үстел, орындық немесе басқа да жиһаздарды тақап қоймаңыз.
Москит торына сенбеңіз: Москит торлары баланың салмағын көтере алмайды. Сондықтан арнайы қорғаныс тетігі жоқ торларды пайдалану аса қауіпті.
Баланы жалғыз қалдырмаңыз: Ешқашан ересектердің қарауынсыз балаларды терезесі ашық бөлмеде қалдыруға болмайды. Тіпті бірнеше секундтық немқұрайлылық орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін.
Түсіндіру жұмысын жүргізіңіз: Балаларға ашық терезенің қауіпті екенін, тордың берік емес екенін және оған сүйенуге болмайтынын ұдайы түсіндіріп отырыңыз.
ТЖМ мәліметінше, қайғылы жағдайлардың басым көпшілігі балалардың ересектердің қарауынсыз қалуынан болады.
"Балаңыздың қауіпсіздігі - өз қолыңызда! Төтенше жағдай орын алғанда «112» нөміріне хабарласыңыз", - делінген ТЖМ хабарламасында.
Оқи отырыңыз: Алматыда ұстаздар мен жастар «Тәлімгерлер аллеясының» негізін қалады