Уәде емес, нәтиже керек: ұлытаулықтар созбалаңға салынған жол жөндеу жұмысына наразы

21.05.2026 15:33

2026 жылы жолдарды орташа жөндеуге 2 млрд 500 млн теңге бөлінген

Ұлытау облысындағы шұрық-тесік жолдар мен қазылған көшелер қарашаның шыдамын тауысты. Әсіресе Сәтбаев қаласында шаруаның ұзақ уақыт бойы ретке келмеуі тұрғындардың наразылығын күшейткен, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Сәтбаев қаласында жол мәселесі тұрғындардың басты түйткіліне айналды. Бірқатар көшеде жөндеу жұмыстары басталғанымен, қазылып қалған жолдар әлі күнге дейін қалпына келтірілмеген. Соның салдарынан көлік қозғалысы қиындап, жүргізушілерге де, жаяу жүргіншілерге де қолайсыздық туындауда.

«Көшенің ортасында әрең жүреміз. Жезқазғанда да сондай, жол оңып тұрған жоқ», – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Серік Алтамбаев

«Жол бойынша айтарға сөз жоқ. Жөндейміз деп қырып тастаған. Бірақ әлі қалада жақсы жолға жетудің ауылы алыс. Бізде тек кішігірім шұңқырларды бітеумен ғана шектеліп жатыр. Жолдың салдарынан көлікке де жөндеу жұмысын жасауға тура келеді», – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Владимир Гулай.

«Жол жоқ көріп тұрғандарыңыздай. Осылай жатқанына 1,5 айға жуықтап қалды. Бұрынғы қалпына келтіріп тез арада жөндеп берсе екен. Жай велосипедпен жүрудің өзі қиын, көліктердің жағдайын айтпай ақ қояйын», – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Павел Кравец.

Жергілікті әкімдік өкілдерінің айтуынша, биыл бірнеше көшеде ағымдағы және орташа жол жөндеу жұмыстары қолға алынбақ. Сөздеріне сенсек, Сәтбаев қаласы бойынша 25 көшеге жаңа асфальт төсеу жоспарланған. Бұл мақсатқа бюджеттен 2 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған.

«Сәтбаев қаласында биыл 25 көшені жөндеу жоспарланып отыр. Орташа жөндеу 25 көше және ағымдағы жұмыс 30 мың шаршы метр. Салыстырмалы түрде айтсақ 2024 жылы Сәтбаев қаласының жолдарын жөндеуге 200 млн теңге,ал  2025 жылы 560 млн теңге қарастырылған. 2026 жылы жолдарды орташа жөндеуге 2 млрд 500 млн теңге бөліп отырмыз», – деді Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев.

Тұрғындар «уәде емес, нақты нәтиже қажет» дейді. Себебі сапасыз жол мен созбалаңға салынған жөндеу жұмыстары халықтың күнделікті өміріне кері әсерін тигізіп отыр.
Алтынгүл Төлегенова

Оқи отырыңыз: Әуе билеті арзандаған жоқ: елде авиаотынға қосымша құн салығы қайта енгізілуі мүмкін