ҰБТ-ның жаңа форматы: талапкерлердің қандай дағдылары бағаланады

15.10.2026 17:56

Қазақстанда талапкерлерді бағалаудың жаңа жүйесі әзірленіп жатыр

Аlmaty.tv

Қазақстанда талапкерлердің білімін бағалау жүйесін жаңарту жоспарланып отыр. Ұлттық тестілеу орталығы халықаралық ETS ұйымымен бірлесіп Admission Insight Test (AIT) жобасын жүзеге асырып жатыр. Жаңа емтихан форматы 2027 жылдың көктемінде пилоттық режимде сыналады. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Нұрсейіт Байжанов Жоғары білім қызметкерлері күніне арналған форумда айтты, деп хабарлайды Almaty.tv .

Жобаны 2026 жылғы ақпаннан 2030 жылға дейін іске асыру көзделген. Оның мақсаты – талапкерлердің пәндік білімін ғана емес, сыни ойлау, академиялық жазылым, зерттеу жүргізу және цифрлық сауаттылық сияқты дағдыларын да бағалау.

Емтихан екі бөліктен тұрады

Ұсынылып отырған формат екі негізгі бөлімді қамтиды. Біріншісі – 14 бейіндік пән бойынша тест. Тапсырмаларда ақпаратты жатқа білуге емес, оқу материалын түсініп, қолдана білуге басымдық беріледі.

Екінші бөлімде талапкерлердің түрлі дағдылары бағаланады. Оған сыни ойлау, академиялық жазылым, зерттеу және коммуникация дағдылары, жасанды интеллектіні пайдалану сауаттылығы, цифрлық және креативті ойлау кіреді. Бұл бөлімнің соңғы модулі әзірленіп жатыр.

ҰТО директоры пәндік білімнің маңызы сақталатынын, ал дағдыларды бағалау тесті оны толықтыратынын атап өтті.

«Білім енді тапшы ресурс емес. Тапшы ресурсқа айналғаны – пайымдау қабілеті», – деді Нұрсейіт Байжанов.

Жаңа форматты сынақтан өткізу жоспарланған

ҰТО мен ETS жаңа емтихан моделін әзірлеу барысында зерттеу жүргізіп, білім беру саласының өкілдерімен талқылаулар ұйымдастырған. 2026 жылғы сәуірде шамамен 4 мың респондент қатысқан зерттеу өткізіліп, сегіз фокус-топ пен Астанада төрт тереңдетілген талқылау ұйымдастырылған.

Жоба аясындағы келесі кезең – AIT емтиханын 2027 жылдың көктемінде пилоттық режимде өткізу. Ұсынылған құрылым білім беру саясаты мен зерттеу нәтижелеріне қарай нақтылануы мүмкін.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға жеңілдетілген несие беру ұсынылды

Толық көрсету