ҰБТ: талапкерлер тест алдында нені ескеруі тиіс

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық оқушылар негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуді биыл шаһардағы екі арнайы пунктте тапсырады. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Мамандардың айтуынша, білім сынағында қауіпсіздік шаралары толық қамтылмақ. Мәселен, биыл наурыз айындағы ҰБТ-ға 27 мыңнан астам талапкер қатысып, олардың 60-ы ереже бұзған. Оның ішінде 36 оқушы тыйым салынған заттарды алып өтпек болғаны үшін тестілеуден шеттетілген. Ал негізгі білім сынағына өтініш беру тәртібі қандай? Талапкерлер тест алдында нені ескеруі тиіс? Осы және өзге де сауалдарға Алматы қаласы бойынша Ұлттық тестілеу орталығы филиалының басшысы Жұмабике Сұлтанова тікелей эфирде жауап береді.

 – Жұмабике Шәймерденқызы, негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу мерзімі мен өтініш беру жолдары қандай?

«ҰБТ-ға өтініштерді қабылдау 11-25 сәуір аралығында жүзеге асырылады. Осы кезеңде талапкерлерге негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жоғары нәтижесімен грант конкурсына қатысу мүмкіндігі беріледі. 11-16 сәуір аралығында өтінішті бір рет, ал 17-25 сәуір аралығында қалауы бойынша екінші рет бере алады. Тестілеудің өзі 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтеді. ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайты немесе UTO.kz қосымшасы жүргізіледі. Талапкерлерге тестілеу күнін, уақытын және пунктін таңдау мүмкіндігі берілген. Бұл ретте олар екі мүмкіндік үшін бейіндік пәндердің бір комбинациясын таңдай алады. 2026 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріссіз қалады. Талапкерлер үш міндетті және таңдауы бойынша екі бейіндік пәнді тапсырады. ҰБТ тапсырмаларының жалпы саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихы» пәні бойынша 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндерінен 10 тапсырмадан, сондай-ақ екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан беріледі. ҰБТ бойынша ең жоғары балл 140 балды құрайды. Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек».

–  ҰБТ-ны жылына бірнеше рет тапсыру мүмкіндігі бар. Биыл қаңтар және наурыз айларында Алматыда қанша талапкер сынақтан өтті? Қанша заңбұзушылық тіркелді?

«2026 жылғы қаңтар ҰБТ-сын 26 мыңнан астам адам өтті. Талапкерлердің 66%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 34%-ы орыс тілінде және 33 адам ағылшын тілінде тапсырды. Қорытынды бойынша талапкерлердің 72%-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл 65 балды құрады. Ең жоғары нәтиже – 136 балл. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға 61 талапкер қатысқанын айта кеткен жөн.

ҰБТ-ны өткізу барысында 40 ереже бұзушылық анықталды. 22 талапкер смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 17 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды. Бейне бақылауды тексеру нәтижесінде 1 адамның сертификаты жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ».

– Алматыда тестілеу пункттерінің саны қанша? Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тәртіп бұзушылықтың алдын алу үшін қандай шаралар қолданылып жатыр?

«Алматыда 2 тестілеу пункті бар. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тестілеуге кіре берісте тыйым салынған заттарды, мысалы, телефондарды, шпаргалкаларды және т.б. алып кіруге жол бермеу үшін қол және рамалық металл іздегіштер қолданылады. Тестілеу аудиторияларында рұқсат етілген магниттік толқындар шегінде мобильді және радиоэлектронды байланыс сигналдарын басатын құрылғылар пайдаланылады, сондай-ақ бейнебақылау жүргізіледі. Тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Апелляцияға өтініш берген тестіленушілердің сертификаты апелляциялық комиссияның  шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде қолжетімді болады».

Оқи отырыңыз: Жетісу ауданындағы білім ордаларында Наурыз мейрамын атап өтті

 

 

Новости партнеров