Емтихандар, аттестаттар және каникул: Қазақстан мектептерінде оқу жылы аяқталды
Биыл 215 мыңнан астам түлек мектеп бітіреді
Қазақстанның барлық мектептерінде кезекті оқу жылы өз мәресіне жетті. 11-сынып түлектері үшін салтанатты жиындар өтіп, алтын ұя мектептерінде соңғы қоңырау үні үзілді. Биыл еліміз бойынша 3,9 миллионнан астам оқушы оқу жылын аяқтаса, оның 215 мыңнан астамы — мектеп бітіруші түлектер, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Басқа сынып оқушылары үшін бұл күн «Білімім – Отаныма!» тақырыбындағы бірыңғай сынып сағаттарымен басталды. Онда мұғалімдер өткен жылды қорытындылап, белсенді оқушыларды марапаттады және балаларға жазғы демалыста оқуға кеңес берілетін кітаптардың тізімін ұсынды.
Биыл Оқу-ағарту министрлігі мектеп бітіру кештерінің форматына қатысты талаптарды барынша күшейтті.
Мектептерде, балабақшалар мен колледждерде мұғалімдерге сыйлықтар үшін ақша жинауға, сондай-ақ бітіру кештерін мейрамханаларда, дәмханаларда, банкет залдарында және табиғат аясында өткізуге қатаң тыйым салынды.
Осы күндері құқық қорғау органдары да күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Полиция қызметкерлері ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауға және түлектердің автокөліктермен қауіпті серуендер ұйымдастыруына жол бермеуге шақырады.
Емтихандар мен аттестат тапсыру кестесі:
- 9-сыныптар (31 мыңнан астам оқушы үздік аттестатқа үміткер): қорытынды емтихандар 29 мамыр мен 11 маусым аралығында өтеді. Олар міндетті пәндер бойынша 4 жазбаша емтихан тапсырады.
- 11-сыныптар (18 мың түлек үздік белгіге үмітті): мемлекеттік емтихандар 2-15 маусым аралығында ұйымдастырылады. Түлектер 5 емтихан (біреуі ауызша) тапсырады.
- Аттестат тапсыру: Негізгі және жалпы орта білім туралы аттестаттарды салтанатты түрде табыстау рәсімі мектептерде 17–18 маусым күндері өтеді.
Оқи отырыңыз: Қазақстандағы зейнет жасы: 2026 жылғы жағдай