Сонымен қатар биылдан бастап құрметті атақтар қатарына «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы қосылды
Республика күні қарсаңында Президент Жарлығымен бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Астанада Республика күні қарсаңында Президент Жарлығымен бірнеше азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мемлекет басшысының қаулысына сай, отандық ғылымды дамытудағы айрықша жетістіктері, сондай-ақ қоғамдық қызметтегі аса үздік еңбегі үшін Ұлттық ғылым академиясының президенті Асқар Жұмаділдаев жоғары дәрежелі – «Қазақстанның Еңбек ері» атағын иеленіп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» орденін алды. Ұлттық мерекеге орай ұйымдастырылған іс-шарада Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды құттықтап, елде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордаға жиналған ағайынның алдында қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтап, мерекенің тарихи маңыздылығына тоқталды. Дәл 25 қазанда азаттықтың алтын қазығын қақтық деген Президент, Қазақстан таңдаған даму жолынан ешқашан айнымайтынын жеткізді. Президенттің айтуынша, ауқымды саяси жаңғырулар арқылы мемлекетіміздің демократиялық дамуының жаңа бағдары айқындалды. Оған дәлел ретінде конституциялық реформаларды келтірген Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық-саяси өмірімізде іргелі өзгерістер орын алып жатқанын айтты.
"Жақында өткен Атом электр станциясын салу жөніндегі референдумның қорытындысы – соның жарқын дәлелі. Азаматтардың 70 пайыздан астамы АЭС құрылысын қолдап дауыс берді. Бұл халқымыздың тағдыршешті сәттерде өрлеу жолын таңдайтынын көрсетті. "Түрлі көзқарас, біртұтас ұлт" қағидаты – мемлекеттік саясатымыздың негізі. Жалпы, энергия тапшылығының артуы – еліміз үшін өте өзекті проблеманың бірі. Оны дер кезінде шешпесе, экономикамыздың дамуына кедергі келтіріп, азаматтардың тұрмыс сапасына кері әсерін тигізеді", – деді Қазақстан республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы әділетті Қазақстанның экономикалық бағдарына сәйкес ауқымды жұмыс атқарылып жатқанына тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы ең ұзын көпірдің қарапайым халыққа қандай пайдасы болатыны жеткізді. Президенттің айтуынша, бұрын бұл аумақта жұрттар жазда пароммен, қыста мұздың үстімен жүрсе, қазір бұл мәселе толықтай шешілді.
"Қазақстандағы ең ұзын көпір. Шекара маңындағы аудандар транзиттік аумаққа айналды, яғни Қазақстан арқылы Қытай мен Ресейді жалғайтын тағы бір төте жол пайда болды. Осы маңызды жоба Шығыс Қазақстандағы бірнеше ауданның көлік қатынасын едәуір жақсартады. Сапалы жол – халықтың тұрмысына оң ықпал ететін фактор", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның жетістіктері халқымыздың ортақ табысы екенін атап өтіп, Республика күніне орай елімізді дамытуға орасан зор үлес қосып жүрген бір топ азаматқа жоғары наградаларды және Мемлекеттік сыйлықты салтанатты түрде табыстады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен жиында бірнеше қаланың мектеп директорлары "Еңбек ері" атағын алды. Бұдан бөлек елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Сонымен қатар жас мамандар да мәртебелі марапат иесі атанды.
"Қазақстанның белсенді жастарын ұдайы қолдайтын қамқорлығыңыз және бастамаларыңыз біз үшін өте құнды. Біз аянбай еліміздің өсіп өркендеуі үшін қызмет етеміз. Республика күні құтты болсын. Қазақ тілі дами берсін. Рақмет", – деді қазақ тілі пәнінің мұғалімі Ахзода Манопова.
Биыл мемлекеттік наградаларды тағайындауда қарапайым жұмысшылардың мәртебесін асыруға, еңбек әулетінің қоғамдағы абырой-беделін арттыруға айрықша мән берілген. Марапат иелерінің қатарында 450-ден астам жұмысшы, 137 педагог, 80-нен аса ғалым, 100-ге жуық құтқарушы мен ерікті бар.
Өмір Серікбекұлы Нұрлан Өтегенов Дастан Темірбекұлы, Астана
Оқи отырыңыз: Республика күнінде қазақстандықтар қалай демалады