Асанәлі Әшімовтің өнері – халықтың рухани қазынасы, ал өмір жолы – кейінгі ұрпаққа өнеге
Қазақ өнері қара жамылды. Сахна мен кино өнерінің асқар шыңы, ұлт руханиятының алып бәйтерегі құлады. Асанәлі Әшімов 89 жасқа қараған шағында келместің кемесіне мініп кетіп барды. Қаралы хабар қалың елдің қабырғасын қайыстырды. Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған абыз ақсақалмен қатар тұтас бір дәуір көшті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазақ халқы тағы бір ұлы перзентінен айырылды. Театр мен кино өнерінің заңғары, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов бақиға аттанды. Өнер абызы саналы ғұмырын шығармашылыққа арнады. Ұлттың мінезін, рухын, тағылымды тарихын өзі сомдаған рөлдер арқылы көрсете білді.
Көрермен оны әуелі ұлттық киноның классикасына айналған «Қыз Жібек» фильміндегі Бекежан бейнесі арқылы таныды. Ал «Атаманның ақыры» картинасындағы рөлі Асанәлі Әшімовтің актерлік қуатын ашты. Бұл бейне қазақ киносының алтын қорына енді. «Транссібір экспресі», «Шоқан Уәлиханов» сынды туындыларда ол тарихи тұлғаның ғана емес, тұтас ұлттың болмысын көгілдір экраннан көрсете алды. Өйткені, оның сомдаған әр кейіпкері – ерекше, әр сахнасы – ой мен толғанысқа толы терең дүние.
«Асанәлі ағамыз, шынын айтқанда, мәңгі қасымызда жүретіндей, о дүниеге кетпейтіндей көрінуші еді. Өйткені өзінің болмысы сондай болды. Ол кісі өзінің бір сырқаттанғанын, болмаса бір ауыр күй кешіп жүргенін ешқашан көрсетпейтін адам еді. Рухы мықты, жігерлі кісі еді», – деді ҚР Халық әртісі Дулыға Ақмолда.
Өнер иесі өмірінің соңына дейін ұстаздық жолдан қол үзбеді. Ұзақ жылдар бойы жастарға дәріс беріп, талай таланттың қанатын қақтырып, қалыптасуына ықпал етті. Шәкірттеріне сахна әдебі, мамандыққа адалдық, ұлттық рух пен жауапкершіліктің мәнін үйретті.
«Шәкірттер үшін, біздер үшін ол кісінің келгені мереке болатын, себебі, ол кісіден алатын білім, үйренетін нәрсе көп болды. Шәкірттеріне «әуелі адам, кейін жақсы маман болыңдар, актерлік өнер әуелі адамдықтан тұрады» деп тәрбие беретін», – деді Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының аға оқытушысы Талғат Көбеков.
Асанәлі Әшімовтің есімі қазақ мәдениетінің тарихында мәңгі қалады. Оның өнері – халықтың рухани қазынасы, ал өмір жолы – кейінгі ұрпаққа өнеге. Аңыз адамның ұлттық өнерге сіңірген еңбегі орасан екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та көңіл айту жеделхатында атап өтті.
«Асанәлі Әшімов бүкіл саналы ғұмырын театр және кино саласына арнап, төл мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты. Ол көптеген образдарды шебер сомдап, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді. Cахна саңлағы әрі кәсіби киногер ретінде соңына өшпес із қалдырды. Жас өнерпаздарға бағыт-бағдар беріп, рухани сабақтастықтың сақталуына зор еңбек сіңірді. Өрелі өнердің туын биік ұстап, өнегелі ғұмыр кешкен Асанәлі Әшімовтің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде сақталады», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ұлт руханиятының абызы саналатын тұлғаның жарқын бейнесі ел жадында сақталып, шығармашылығы әлі талай жыл зерттеліп, насихаттала бермек. «Алматы» телеарнасының ұжымы қаралы хабардан қабырғасы қайысқан қалың жұртқа қайғыра көңіл айтады.
Оқи отырыңыз: Меруерт Өтекешова: «Қыз Жібек» киносынан Асанәлі Әшімов екеуміз ғана қалдық