Перизат Қайраттың қорына кімдер ақша аударған

16.07.2025 19:50

Ақшасын қайтаруды сұрап отырғандардың қатарында зейнеткерлер де бар

Перизат Қайраттың қорына тағы бір ірі компания 200 миллион теңге аударғанын мәлімдеді. Бұдан бөлек, қайырымдылыққа ақша қосқандардың ішінде мектеп оқушыларының ата-аналары да бар. Бүгінгі сот отырысында тағы бірнеше куәгерден жауап алынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айта кетейік, елордада «Biz Birgemiz» қорының жетекшісі болған Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты іс бойынша үшінші күн қатарынан тыңдалым өтіп жатыр.

Сот отырысы куәгерлерден жауап алумен басталды. Ең алғаш сөз алғандардың бірі - еліміздегі ірі компанияның өкілі Галина Исаева болды. Оның айтуынша, былтырғы су тасқыны кезінде мекеме Перизат Қайрат басқаратын қорға 200 миллион теңге аударған. Куәгер компания бұл қор туралы алдымен әлеуметтік желі арқылы білгенін жеткізді. 2 мамыр күні су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету туралы шешім қабылданып, 10-маырда  «Biz Birgemiz» қорына қомақты қаржы аударылған.

«Қорды жарнама арқылы көрдік. Тіпті телеарналардан да шығып отырды. 2 мамырда директорлар кеңесі қолдау көрсету туралы шешім қабылдады. Біз хабарласып, сұраған жоқпыз. Себебі қайырымдылық қорларының есеп беруге міндетті екенін білдік. Биыл наурызда есеп жарияланады деп күттік. Бірақ ешқандай ақпарат келмеді», – деді жәбірленуші компанияның өкілі Галина Исаева.

Жәбірленушілердің қатарында Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ата-аналар комитетінің мүшелері де бар екені анықталды. Олардың айтуынша, 2024 жылдың көктемінде қор тарапынан жарияланған жарнамаға сеніп, көмек қолын созу туралы шешім қабылданыпты. Енді  ата-аналар аударған қаражатты кері қайтаруды талап етіп отыр.

«Біз Instagram мен басқа да платформаларда Biz Birgemiz қорының жарнамаларын көрдік. Қор өз қызметін белсенді түрде насихаттап, су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетуге шақырды. Сөйтіп қаражат жинадық. Ата-аналар маған сенді, мен бұл ақша үшін жауапты болдым. Біз балаларға азаматтық жауапкершілік пен патриотизмнің маңыздылығын көрсеткіміз келді. Енді бұл қаражаттың мақсатсыз жұмсалғаны белгілі болғанда, мені жәбірленуші ретінде тануды сұраймын», – деді жәбірленуші Сәуле Қуандықова.

Ақшасын қайтаруды сұрап отырғандардың қатарында зейнеткерлер де бар. Мәселен, Әмина Аймағанбетова 2024 жылдың 13 сәуірінде су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде банк қосымшасы арқылы 1 миллион теңге аударғанын айтты.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Астана

Оқи отырыңыз: «Asar-Ume» қоры Перизат Қайратқа 200 млн теңге аударған