ҰҒА Жошы ұлысының мұрасын зерттейтін республикалық жұмыс тобын құру ұсынылды

Сарапшылар бұл бастамалар ұлттық тарихтың ақтаңдақ беттерін толықтыруға жол ашады деп отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жошы Ұлысының мұрасын зерттеу және ғылыми жұмыстарды үйлестіру жөніндегі республикалық жұмыс тобы құрылуы тиіс. Алматыдағы Ұлттық ғылым академиясында өткен кеңейтілген отырыста осындай пікір айтылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Жиынға қатысқан ғалымдар тарихи деректерді жүйелеп, оларды цифрлық форматқа көшіру, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту және кешенді зерттеу бағдарламаларын әзірлеу мәселелерін көтерді. Сарапшылар бұл бастамалар ұлттық тарихтың ақтаңдақ беттерін толықтыруға жол ашады деп отыр

«Жошы ұлысын зерттеу тек Қазақстан аясында жүргізілмеуі керек, ол халықаралық деңгейде жүзеге асуы тиіс. Әсіресе Орталық Еуразия аясында. Жошы ұлысы тек Қазақстанға тиесілі емес, Орталық Азия елдеріне де тиесілі. Бұл бағытты зерттеуде халықаралық интеграция маңызды рөл атқарады. Ол үшін 9 мемлекет аясында бірігіп, консорциум құрып жатырмыз», – деді ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА Білім және қоғамдық даму ғылымдар орталығының басшысы Жеңісбек Төлен.

Басқосу барысында Жошы Ұлысының тарихи-мәдени мұрасын зерттеудің басым бағыттары айқындалып, ғылыми жобаларды бір арнаға тоғыстыратын жаңа тетіктер ұсынылды. Мамандардың пікірінше, бұл қадам тарихи мұраны әлемдік ғылыми кеңістікке кеңінен танытуға мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Екі мемлекеттік архивке «Ұлттық» мәртебе беріледі