Ұялы байланыс тарифтері қымбаттайды: операторлар себебін түсіндірді

21.10.2025 18:49

Байланыс операторлары тұтынушыларға бір ай бұрын хабарлама жіберуге міндетті

Келер жылы елімізде ұялы байланыс тарифтері 15-20 пайызға қымбаттайды. Мұндай мәліметті Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында байланыс операторларының басшылары айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Олар бағаның өсуіне алдымен қосылған құн салығы әсер етіп, бұл фактор салаға 35-40 млрд теңгеге көлемінде қосымша салмақ түсірді деп отыр. Сондай-ақ электр энергиясы мен қажетті жабдық қымбаттайтын болса, бұл да міндетті түрде тарифтің көтерілуіне әсерін тигізеді дейді.

Одан бөлек, халықтың сұранысына инфрақұрылым ілесе алмағандықтан, операторлар көбірек инвестиция салуға мәжбүр екен.

Айта кетейік, қолданыстағы заңға сәйкес, байланыс операторлары тұтынушыларға тариф құнының өсетіні туралы бір ай бұрын хабарлама жіберуге міндетті. Егер мұндай мазмұндағы хат келмесе, тиісті министрлікке е-өтініш арқылы шағымдануға болады.  

«Ұялы байланыс қызметтерін көрсету ережелерінде тиісті норма бар, яғни онда шығындардың артуының негіздемесі ескерілген. Тарифтер электр энергиясы мен жабдықты сатып алуды қоса алғанда, оператордың бірқатар шығынын қамтиды. Егер бұл шығындар өссе, міндетті түрде тарифке әсер етеді», - деді «Қазақтелеком» АҚ бас әкімшілік директоры Ержан Мейрамов.

Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиевке Орта дәлізді дамыту жобасы таныстырылды