Үйді жөндейміз: алматылықтарды сан соқтырған күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды

18.08.2025 20:45

Аса ірі көлемде алаяқтық дерегі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде

«Үйімізге құрылыс жұмыстарын жүргіземіз деп сан соғып қалдық». Алматылық бір топ азамат осылай деп шағым айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Үйімдегі құрылыс талапқа сай жүргізілмей, арты аяқсыз қалды деген көпшіліктің бірі – Ақан Өмірбек. Оның айтуынша, шаруаны мойнына алған азамат «жұмысты сапалы атқарып, жарты жылда бітіремін» деп уәде еткен. Алайда оны ұзақ уақытқа созып, 60 миллион теңгедей ақша алған. Бірақ құрылысшының атқарған кей ісіне зейнеткердің көңілі толмай отыр. Ол аздай, көп жұмыс аяқталмай қалған. Ең сорақысы, ол жөндеу жұмыстарына деп алған несиесін зейнетақысынан төлеп отыр.

«Төрт жыл жүрді. Жөндеу жұмыстарын 2021 жылдың тамызында істеймін деп уәде еткен. Бірақ аяқтамады, қашып кетті. Одан бұрын, оның жасағанының бәрін қайта жасауға тура келеді. Ақшаны мейлінше көп алуға тырысты», – деді қала тұрғыны Ақан Өмірбек.

Оған біз де алдандық деп шағым айтқан тағы 10-ға жуық азамат бар. Бәрімізді сан соқтырды деген көпшілік құзырлы орган өкілдеріне арыз жазған. Алайда іс алға жылжымай тұр.

«Келісім бойынша 100 пайыз ақшасын төледім. Жұмысын өте нашар атқарды. Құрылыстан бөлек, жиһаз жасаймын деп те уәде еткен. Оны істемеді. Кейін көп адамның алданғанын білдім. Жәбірленуші көп. Полицияға арыз жаздық. Іс ілгерілемей тұр», – деді қала тұрғыны Нұрсұлтан Нағұманов.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ үнемі үзіліп қалады. Оны қылмыстық құқықбұзушылық жасаған азаматтың анықталмауымен байланыстырады. Алайда ол істің басынан-ақ белгілі. Алаяқтықтың белгілері оның әрекеттерінен көрініп тұр», – деді қалалық адвокаттар коллегиясының адвокаты Андрей Азбель.

Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалған. Кінәлілерді жауапқа тарту бойынша кешенді шаралар атқарылып жатыр.

 «Бостандық аудандық Полиция басқармасымен Қылмыстық Кодекстің 190-бабы, 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аса ірі көлемде алаяқтық дерегі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі таңда қылмыстық іс жүргізу кодексімен көзделген барлық процессуалдық әрекет жүзеге асырылуда», – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Айта кетейін, жәбірленушілер іс жүріп жатқан уақытта үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізе алмайды. Сондықтан әзірге құрылысы сапасыз жүргізілген баспаналарында тұруға мәжбүр.

Гүлмарал Изатқызы, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Берденовтың соты: күдікті 1 жыл 3 айға түрмеге жабылуы мүмкін