6-шағынаудандағы ойын алаңында бүлдіршіндер ойнайтын бірде-бір құрылғы қалмаған
Сәтбаев қаласының тұрғындары балаларының қауіпсіздігіне алаңдаулы. Қала орталығында орналасқан ойын алаңдары жарамсыз күйде деген көпшілік тозығы жеткен әткеншектер мен сырғанақтарды жаңартуды талап етуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тұрғындардың айтуынша, бұл – бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселе. 6-шағынаудандағы ойын алаңында бүлдіршіндер ойнайтын бірде-бір құрылғы қалмаған. Әткеншек те, сырғанақ та сынған, кейбірінің тек жерге қағылған темірі қалыпты. Құм ойнайтын орындар да бос жатыр. Тұрғындар алаңның қоршалмағанына да наразы.
«Біздің алаңда балалар ойнайтын алаң жоқ, темір терсек. Тіпті құм ойнайтын жер жоқ. Малдар кіріп кетеді. Жергілікті биліктен балаларға ойнайтын алаңын салып беруін сұраймыз», – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Аружан Алтынбекова.
«Балаларымызбен далаға шығамыз. 3 жастағы бала далаға шығып темірмен ойнайды, неше рет құлады», – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Балжан Есжанова.
Қалалық әкімдік мәселеден хабардар. Жауапты бөлім мамандарының айтуынша, аталған мекен-жайда биыл ойын алаңына қатысты қосымша жөндеу немесе жаңғырту жұмыстары жоспарланбаған. Десе де, қала бойынша ойын алаңдары мүлде болмаған аулалар назарға алынып отыр.
«Қала бойынша балалар ойын алаңдарына қажеттілік – 170 бірлікті құрайды. 2025 жылы әкімдік тарапынан 38 жаңа ойын алаңын орнату жоспарланған. Ойын алаңдары бұрын болмаған немесе ескі кеңестік үлгідегі элементтер орналасқан аулаларға қойылады. Жұмыстар 1 қыркүйекке дейін аяқталады. Ал Абай көшесі 5/5 мекенжайындағы тұрғын үй кешені қолданысқа берілген кезде ойын алаңы орнатылған болатын. Биыл бұл алаңда қосымша жұмыстар жоспарланбаған, – деді Сәтбаев қаласы әкімі аппараты баспасөз қызметі бөлімінің басшысы Назерке Сапарбек.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта қала бойынша 40-қа жуық балалар ойын алаңын орнату көзделген. Алайда бұл жұмыстардың қай аумақтарда жүзеге асырылатыны әзірге белгісіз. Ал тұрғындар жаңартып беруді талап етіп отырған ойын алаңында биыл ештеңе өзгермейді.
Алтынгүл Төлегенова, Мақсат Күнібек, Ұлытау облысы
Оқи отырыңыз: Үйді жөндейміз: алматылықтарды сан соқтырған күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды