Референдумға дейін:
6
күн
7
сағат
55
минут

Үйді су басып қалды: Мұнайлы ауданының тұрғындары жер асты суынан зардап шегіп отыр

Жер астынан шыққан су ағып кететін арна болмағандықтан үйдің ішіне жиналады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Маңғыстау облысындағы Мұнайлы ауданының тұрғындары бірнеше жылдан бері жер астынан шығатын судан зардап шегіп отырғанын айтып, шағымданды, 

Шенділердің де «мәселені шешеміз» деп жүргеніне біраз уақыт болған. Құрғақ уәде мен уақытша шешімдерден мезі болған жұрт түйткілді жуық арада жүйелі реттеп беруді талап етеді.

Ұлдай Жансайтова 2022 жылы Алматыдан Атамекен аулына көшіп келген. Өткен жылдан бері үйінің іші суға толып, денсаулығы сыр бере бастаған.

«Жерімді қайтарып берсін немесе басқа құрғақ жерге көшірсін. Мен 2022 жылы сап-сау көшіп келдім, қазір артритпін. Алты ай сайын ауруханаға  жатам, мүгедектік алғалы жатырмын. Үйге келіп, көрген дәрігердің өзі «мынай жағдайда сен ауырмай, ауырам ба?» деп тағаданады», – деді Атамекен ауылының тұрғыны Ұлдай Жансайтова.

 Сергей Адаев болса, үйін тастап пәтер жалдауға мәжбүр. Өйткені баспанасының ішін су басып кеткен. Жарық пен көгілдір отынды да ажыратып тастаған. Қазір үйі қаңырап бос тұр.

«Әкімдікке жүгіндім. Олар «көмек жоқ, ақша жоқ, арзан несие де жоқ» деді. Дренаж мәселесін сұрадым, «жоба тек осы жылдың соңына қарай ғана болады» деп жауап берді. Ал жобаны нақты қашан бастайтынын ешкім айтпады», – деді Атамекен ауылының тұрғыны Сергей Адаев.

Жер астынан шыққан су ағып кететін арна болмағандықтан үйдің ішіне жиналады. Тұрғындар өздерін басқа жерге көшірсін болмаса мәселені түбегейлі шешсін деп әкімдіктегілердің алдында талап қойып отыр. 43 мың халық тұратын ауылға жиырмадан астам су айдау қондырғылары орнатылғанымен нәтижесіз болып тұр. 

«Қазіргі таңда жерасты сулары көтерілуіне байланысты, су басып жатыр. Қарап отырған жоқпыз, уақытша шаралар қабылданды. 20-дан астам дренаж жүйесін құруды жоспардап отырмыз. Жақында  5-6 жүйе қойылды», – деді Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Асхат Нұрмұхан.

Тұрғындарды көшіру үшін үйлері апатты деп танылуы қажет. Ауылда ондай жағдайдағы үш үй анықталған. Шенеуніктер мәселені толық шешудің жалғыз жолы – кәріз жүйесін салу екенін айтты. Өткен жылы сметалық құжаты да дайын болған. Жобаның жалпы құны шамамен 2,5 миллиард теңге. Алайда қаржы бөлінгенше, тұрғындарға күтуден басқа амал жоқ сыңайлы.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулетов

Оқи отырыңыз: Көкшетауда оқушы қыз автобус есігіне қысылып, ауыр жарақат алды

Новости партнеров