Үйіміз құлауға шақ тұр: атыраулық тұрғындар үреймен өмір сүріп келеді

Қалада 100-ге тарта тозы жеткен көппәтерлі тұрғын үй бар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Үйіміз құлауға шақ». Бұл атыраулық тұрғындардың жанайқайы. Қабырғасы қаланғанына жарты ғасырдан асқан екі қабатты тұрғын үй халқы үреймен өмір сүріп келеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тұрғындар әрбір күнді қауіппен өткізеді. Әбден тоз-тозы шыққан үйдің қабырғалары сөгіліп, едені шөгіп қалған. Сыртының сылағы түсіп, жарықтардан тіпті дала көрініп тұр. Ал күн суығалы үй ішіне зиянкес қаптап, жағдай күн сайын үдеп барады. Аңғал-саңғал үй айналасында панасыз жүргендер қаптап, ұл-қыздарын далаға шығара алмайтын болған.

«Құлайын деп тұр. Кіріп шыққан сайын, қабырға қозғалады. Айналадаға ескі үйлерде ешкім тұрмайды, есірткіге тәуелді жандар жиналады. Үш баламыз бар. Шығуға қорқамыз. Баспананы сүрілсе, жақсы балар еді», – деді қала тұрғыны Ануар Арыстанов

Зейнеткер Ұлмекен Берғалиева он жылдан бері тозығы шыққан үйдің әрбір тесігін жамап шаршағанын айтты. Ол «жылдың төрт мезгілінде көретін қорлығымыз аз емес» дейді. Шықпа жаным, шықпаның күйін кешкен кейіпкеріміз бір күні үйінді астында қаламыз ба деп қорқады.

«Төменнен тышқан шығып жатыр,кілең шегемен қағып тастадық. Екі ай бұрын қағаз жинадық. Әлі беріліп жатқан үй жоқ. Қыс болса келді, есік еңірейіп тұр. Үлкен кісіге шығу қиын. Жаңадан дұрыс үй берсін! Басқа түк сұрамаймыз. Құбыр шіріп жатыр, су сорғалып ағып тұр», – деді қала тұрғыны Ұлмекен Берғалиева.

Тұрғындар талабын тыңдауға шенеуніктер тайлы тұяғы қалмай келді. Олардың айтуынша, жаңа баспана дайын тұр. Тек қарашаның толық көшуге келісім бермеген соң, заңдағы өзгеріске қарсы шыға алмайтын көрінеді.

«Бұл жерде түрлі себеппен тұрғындар тарапынан толық келісім болған жоқ. Тұрғын үй кешенінің алыстығын айтып, тұрған жерден үй сұратып, бас тартты. Қазіргі уақытта көшу жұмыстары келісім берген тұрғын үйлермен жүзеге асырылуда. Биыл бөлінген тұрғын үйден үй ұсынылды», – деді ТҮКШ және Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі міндетін атқарушы Олжас Хасанов.

Жалпы шахарда 100-ге тарта тозы жеткен көппәтерлі тұрғын үй бар. Атқамінерлер 2025-2029 жылдарға бекітілген жоспарға сай көшіру жұмыстары жалғасады деп отыр.

Оқи отырыңыз: Әйелін атқа жегіп, сүйреген: Жетісу облысында сотта айыпталушы тағылған айыппен келіспеді

Новости партнеров