Үкімет басшысы жылу нысандарындағы жөндеу жұмыстарын тамыздың соңына дейін аяқтауға міндетті
Мектептер мен медициналық мекемелер 1 қыркүйекке дейін жылу беру маусымына толық дайын болуы керек. Әкімдер дайындықты жедел бастап, барлық жұмысты қысқа мерзімде аяқтауға міндетті. Егер олай болмаған жағдайда Олжас Бектеновке жеке жауап берулеріне тура келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Энергетикаға жауапты министр Ерлан Ақкенженов бүгін Премьер Бектеновке есеп беруге келмеді. Орнына орынбасары Сұңғат Есімхановты жіберіпті. ¤
Вице-министр баяндамасын бірден «жылыту маусымы тұрақты өтті» деп жақсы жаңалықтан бастады. Одан кейін жылу желілерін жөндеуге бөлінген қаражатты, атқарылған шаруаны тізіп шықты. Жылу электр орталықтарының рейтингін айтты. Таптұйнақтай жазылған баяндаманың ортасына келгенде Сұңғат Есімханов саладағы мәселеге де тоқталды. Сөзінше, энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін қарызы едәуір көбейіп кеткен. Ақша уақытында төленбегендіктен, салада үлкен қаржылық түйткіл пайда болыпты.
«Энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін кредиторлық берешегінің едәуір көлемі маңызды проблемалық мәселе болып табылады. Энергия өндіруші ұйымдардың «QazaqGaz Aimaq » акционерлік қоғамы алдындағы берешегі 37 миллиард теңгеден асты», – деді ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов.
Биыл энергетика мен коммуналдық жүйелерді жаңартуға 626 миллиард теңгеден аса ақша бөлінеді. Бұл қаражат жылу мен электр желілерін жөндеуге және өңірлерде жарық пен жылу үзілмей, тұрақты беріліп тұруы үшін жұмсалады. Нәтижесінде 130 шақырым жылу, 10 490 шақырым электр желісі қайта жаңартылады. Есімхановтың есебін тыңдаған Премьер оған күтпеген жерден тозығы жеткен жылу орталықтарын жөндеуге қатысты сұрақ қойды.
«Қазіргі таңда ТЭЦ-тің бесеуі «қызыл аймақта» қалып отыр. Қызыл аймақтан қашан шығарамыз?», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.
Есімханов әр нысан бойынша әкімдіктермен бірлесіп нақты жоспар бекітілгенін айтып, жыл соңына дейін бұл жылу орталықтары «қызыл аймақтан» шығады деп Бектеновті сендіріп отыр.
«Қызыл аймақтан осы жылдың аяғына дейін шығуды жоспралап отырмыз. Бірақ төрт көрсеткішпен рейтингті жүргізіп жатырмыз. Болашақта тоғыз көрсеткіш бойынша жаңа рейтинг жасау жоспарлап отырмыз. Бірақ жақсы деңгейге жылдың аяғына жетеміз», – деді ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов.
Үкімет басшысына «Самұрық-Энерго» басшысы Қайрат Мақсұтов та есеп беріп, іске асырылып жатқан жобалардың жайын баяндады. Оны мұқият тыңдаған Бектенов өткен жылыту маусымында Екібастұздағы екі ірі жылу электр стансаларында жоспардан тыс жағдай болып, жөндеу жұмыстары көбейгенін айтып, сол бойынша атқарылған жұмыстарды сұрады.
«Самұрық-Энергоның» стансалары 30-40 жыл бұрын іске қосылған. Сондықтан негізгі жабдықтары ұзақ мерзім пайдалануда. Оның ішінде тозу мәселелері бар. Бірақ жөндеу жұмыстарын толық қаржыландыру мәселесін шешіп жатырмыз. Жөндеу жұмыстарының көлемін жылдан-жылға көбейтіп жатырмыз. Жоспардан тыс тоқтауды азайтамыз», – деді «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов
Үкімет басшысы әкімқараларға күзге дейін жаңа міндет жүктеді. Олар жылу нысандарындағы жөндеу жұмыстарын тамыздың соңына дейін аяқтауға міндетті. Ол үшін ала жаздай тынбай жұмыс істеуі керек. Егер айтылған межеге үлгермесе, онда әр әкім Бектеновке жеке жауап береді. Премьердің айтуынша, ойланып-толғанып отыратын уақыт жоқ.
Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген
Оқи отырыңыз: Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымын жаңғыртуға 1 трлн теңгеден астам қаражат жұмсалады