ҰҚК әскери қызметшілерге азық-түлік өтемақысын төлеу тәртібін жаңартты

27.07.2026 18:58

Бұйрық қол қойылған күннен бастап күшіне енді.

Almaty.tv

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті келісімшарт бойынша әскери қызмет атқарып жүрген әскери қызметшілерді белгіленген нормаға сәйкес тамақпен қамтамасыз ету мүмкін болмаған жағдайда төленетін ақшалай өтемақы тәртібін жаңартты, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.

Тиісті өзгерістер ҰҚК төрағасының 2026 жылғы 20 шілдедегі бұйрығымен енгізілді.

Құжат жаңа редакцияда қабылданып, ұлттық қауіпсіздік органдарының әскери қызметшілеріне жалпыәскери азық-түлік үлесінің құнын өтеу тәртібін айқындайды.

Жаңа қағидаға сәйкес, ақшалай өтемақы әскери қызметшінің тамақтануға жұмсаған шығынын өтеу үшін төленеді. Егер әскери қызметші бір тәулік ішінде бірнеше рет тәуліктік кезекшілікке, жауынгерлік кезекшілікке немесе жауынгерлік қызметке түссе, өтемақы күнтізбелік тәулігіне бір рет қана төленеді.

Қызметтік іссапарда болып, белгіленген тәртіппен тәуліктік шығын алатын келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге бұл өтемақы төленбейді.

Өтемақы мөлшері тиісті қаржы жылына арналған бюджеттік өтінімде көзделген жалпыәскери азық-түлік үлесінің құнына қарай есептеледі. Қаржыландыру ұлттық қауіпсіздік органдарын ұстауға республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен төленеді.

Өтемақы алу үшін бөлімше басшысы есепті айдан кейінгі айдың 1–5-і аралығында әскери қызметшілердің тізімін және оны растайтын құжаттарды қоса тіркеп, тиісті рапорт ұсынады. Бөлімшенің қызмет ерекшелігіне қарай оған саптық бөлім бойынша бұйрықтардан үзінділер, жауынгерлік қызмет кестелері, шекара қызметінің кітабы немесе ұшу тапсырмаларын орындағанын растайтын құжаттар қоса беріледі.

Өтемақы төлеуге бөлімше басшысының немесе оның міндетін атқарушының бұйрығы негіз болады. Бұйрыққа қол қойылғаннан кейін құжат қаражатты аудару үшін қаржы бөліміне жіберіледі.

Ақшалай өтемақы өткен ай үшін төленетін ақшалай үлеспен бірге аударылады. Егер төлем жүргізілетін кезде қаржыландыру қарастырылмаған болса, қаражат жеке қаржыландыру жоспарына өзгерістер енгізілгеннен кейін төленеді.

Сондай-ақ ақшалай өтемақы әскери қызметшілердің қызмет өткеретін жері бойынша банктік шоттарына аударылады. Әскери қызметші басқа бөлімшеге ауысқан жағдайда бұрынғы қызмет орнында төленбей қалған немесе толық төленбеген өтемақы сол жерде төленеді.

Бұйрық қол қойылған күннен бастап күшіне енді.

Оқи отырыңыз: ІІМ әлеуметтік желіні белсенді қолданатын жасөспірімдерге ескерту жасады