Үкімет басшысы экономиканы қолдауға бағытталған жұмысты күшейтуді тапсырды

Елімізде сауда, құрылыс, сондай-ақ көлік қызметінде көрсеткіш күрт төмендеген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде бірқатар салада өсім бәсеңдеген. Сауда, құрылыс, сондай-ақ көлік қызметінде көрсеткіштер күрт төмендепті. Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында экономиканың қазіргі жағдайына тоқталып, бірқатар бағытта өсу қарқынының баяулауына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 6,4 пайызға өскен. Бұл көрсеткішке ең алдымен өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы салалары серпін беріп отыр. Нәтижесінде соңғы екі айда елдегі инфляция деңгейі 12,4 пайыз төмендеген. Алайда бірқатар өңірде жағдай басқаша. Ұлытау, Ақмола және Атырау облыстарында инфляцияның өскені тіркелді. Бұған негізгі себеп – азық-түлік құнының шамадан тыс қымбаттауы. Осыған байланысты Премьер-министр Олжас Бектенов өңір әкімдеріне ескерту жасап, бағаны тұрақтандыру үшін барлық қажетті тетіктер бар екенін, тек бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажет екенін атап өтті.

«Сауда министрлігіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін уақытша кеңейту жұмысын жеделдетуді тапсырамын. Бұл қосымша өнім түрлерінің бағасын реттеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ азық-түлік инфляциясының өсуіне ет және ет өнімдері бағасының үлесін ескере отырып, Сауда, Ауыл шаруашылығы министрліктері мен әкімдіктер аталған өнімдердің бағасын тежеуге ерекше назар аударуы қажет», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Алдағы уақытта Қазақстанда азық-түлік өнімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында реттелетін бағасы бар тауарлар тізбесі кеңейтілмек. Жоспарға сәйкес, бұл тізім уақытша 31 атауға дейін ұлғаяды. Жауапты органдар аталған шара азық-түлік бағасының негізсіз әрі алыпсатарлық жолмен қымбаттауын тежеуге бағытталғанын мәлімдеді.

«Негізгі міндет - халық үшін қолжетімді баға жасау. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін кеңейту уақытша шара және алыпсатарлықпен күресуге бағытталған. Сауда үстемесі 15%-дан аспайды, бұл бағаны төмендетуге мүмкіндік береді. Тізімге күнделікті сұранысқа ие тауарлар, соның ішінде ет, көкөніс және халық сұранысына ие басқа да өнімдер кіреді», – деді ҚР Сауда және интеграция министрлігі сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаев.

Сондай-ақ жиында Премьер-министр Олжас Бектенов жалпы экономикада оң динамика сақталғанымен, сауда мен құрылыс салаларында, сондай-ақ көлік қызметтері бағытында өсім қарқынының бәсеңдегеніне назар аударды. Бұдан бөлек, металлургия өнеркәсібіндегі даму көрсеткіштері де төмендегені айтылды. Үкімет басшысы бұл сала экономиканың негізгі тірегі екеніне тоқталып, экономиканы қолдауға бағытталған жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Елімізде балаларға ерте көмек көрсету желісі кеңейтіліп жатыр

 

 

 

 

 

 

     

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Новости партнеров