Үкімет ең төменгі жалақыны өсіруді қарастырып жатыр

14.04.2026 19:40

Вице-министр бұл шешім бірнеше экономикалық көрсеткішке байланысты қабылданатынын атап өтті

Almaty.tv

Елде ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның айтуынша, Үкімет ең төменгі жалақы мөлшерін кезең-кезеңімен арттыру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Алайда нақты мерзімі әзірге белгісіз.

Вице-министр бұл шешім бірнеше экономикалық көрсеткішке байланысты қабылданатынын атап өтті. Оның ішінде негізгі факторлардың бірі – медианалық жалақы деңгейі.

Әлемдік тәжірибеде ең төменгі жалақы медианалық жалақының шамамен 50%-ын құрайды. Біздің елде медианалық жалақы шамамен 302 мың теңге. Сондықтан ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге жеткізу – жақын уақыттағы мақсатымыз. Бірақ бұл бюджет мүмкіндіктеріне байланысты жүзеге асады, – деді Азамат Әмрин.

Сонымен қатар ол ең төменгі жалақының өсуі мемлекеттік бюджеттің кірісіне тікелей тәуелді екенін жеткізді.

Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елдегі орташа айлық жалақы – 473 мың теңге. Бірақ инфляцияны есепке алғанда, нақты жалақы керісінше 3,2 пайыз төмендеген.

Оқи отырыңыз:  Микроқаржы ұйымдарына төленбеген қарызды коллекторларға сатуға тыйым салынады

Теги: Жалақы