Үкімет күмәнді және тиімсіз әлеуметтік төлемдерді тоқтатады

09.09.2025 18:58

Бектенов жауаптыларға 1 желтоқсанға дейін әлеуметтік қолдау көрсету үшін барлық өңірге ортақ стандарт әзірлеуді мінедеттеді

Үкімет күмәнді және тиімсіз әлеуметтік төлемдерді тоқтатады. Премьер-министр Олжас Бектенов елімізде әлеуметтік әділеттілікті сақтап, масылдық пиғылды азайту үшін шаралар қабылданатынын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Президенттің Жолдауынан кейін Премер-министр Олжас Бектенов он екі салаға жауапты министрлерді түгел Үкімет үйіне жинады. Өйткені, атқарушы билік жүктелген міндетті уақыт оздырмай жүзеге асыруы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда «әлеуметтік салада оңтайлы шешім қабылдаудың орнына, Үкімет кемінде 15 жыл бойы әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтыққа жол беріп келді» деп жұмысты сынға алған еді. Бүгін Бектенов жауаптыларға 1 желтоқсанға дейін әлеуметтік қолдау көрсету үшін барлық өңірге ортақ стандарт әзірлеуді мінедеттеді.

«Барлық күмәнді және тиімсіз әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды алып тастау керек. Болды! Осы мәселеге нүкте қою керек. Біз әлеуметтік әділеттілікті сақтап, масылдық пиғылды азайту үшін шаралар қабылдайтын боламыз. Үкіметтің міндеті – барлығына бірдей жағдай жасау, ал азаматтар жұмыс істеп, өзін және отбасын асырауға ұмтылуы керек», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Биыл 1 қарашаға дейін әлеуметтік саланың бірыңғай цифрлық жүйесі қолданысқа енгізілуі қажет. Олжас Бектенов Еңбек министрлігі мен Цифрлық даму министрліктеріне осындай міндет жүктеді. Портал әлеуметтік төлемдер, жәрдемақылар, жұмыссыздық бойынша тіркелу, зейнетақы, мүгедектерді қолдау сияқты қызметтерді бір жерден онлайн алуға мүмкіндік береді. Светлана Жақыпованың есебінше, аталған платформа Шымкент қаласы мен Қарағанды облысында пилоттық жоба ретінде сынақтан өткен. Енді бірыңғай цифрлық жүйені ел бойынша іске қосу қолға алынған.

«Бұл бірыңғай жүйеде кадрлық іс жүргізуді, бухгалтерлік есепті, материалдық-техникалық базаны есепке алуды, сондай-ақ контингентті тіркеуді жүргізуге мүмкіндік береді. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, тұрғын үй қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсететін барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар Бірыңғай цифрлық платформа арқылы әл-ауқат деңгейін жаңадан бағалауға қол жеткізе алады. Бұл қызметтердің сапасын жақсартады, әлеуметтік жүйеге кәсіби кадрларды тартуға мүмкіндік береді», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.

Президент бюрократиялық шырғалаңға салмай, бұған дейін аймақта бой көтерген көпбейінді ауруханаларды пайдалануға беруді баса айтқан. Премьер-министр Олжас Бектенов еліміздің бас дәрігері Ақмарал Әлназароваға уақыт оздырмай іске кірісуге пәрмен берді. Өз кезегінде министр Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру мақсатында облыс әкімдеріне «Отбасы банкімен» бірлесіп, 2026 жылы кадр тапшылығы өте жоғары өңірлерде дәрігерлерді тұрғын үймен қамтамасыз етуді ұсынғанын жеткізді. Сондай-ақ медициналық ұйымдардың құрылысына да тоқталды.

«Денсаулық сақтау инфрақұрылымын әрі дамыту мақсатында медициналық ұйымдардың құрылысы, реконструкциясы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру жалғасуда, жоба шеңберінде 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаны көзделген, бұл ретте 540 нысан құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін қалған 115 нысан пайдалануға беріледі», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Өңірлерде медициналық нысандарды салуға жеке инвестиция тарту керек. Президент Үкіметтің алдына осындай міндет қойған. Олжас Бектенов Денсаулық сақатау министрлігі мен аймақ әкімдеріне жеке капитал тарту үшін қазірден іске кірісуді тапсырды. Сондай-ақ жыл соңына дейін медициналық қызметтің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізетін жүйені іске қосу керек.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астанадан

Оқи отырыңыз: Бектенов жол қауіпсіздігін күшейтуді тапсырды