Жолдауда айтылған мәселе: Алматыда 3 кемпинг аймағы ашылады

09.09.2025 19:29

Шымбұлақ пен Ойқарағай арасын заманауи арқан жолмен байланыстыру көзделген

«Жергілікті атқарушы органдар әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болады». Ел Президенті Қазақстан халқына Жолдауында осылай деді. Алматы қаласы мен Алматы облысындағы тау туризмін заманауи инфрақұрылыммен жабдықтаудың маңыздылығына тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматының танымал туристік орындары туралы әңгіме қозғалғанда бірден Шымбұлақ еске оралатыны анық. Демалыс орнына күніне 15 мың адам келеді. Жыл өте келушілер қатары молайып жатыр. Бұл өз кезегінде бірнеше мәселені туындатып отыр. Қызмет көрсету сапасының төмендеуі, қауіпсіздік деңгейінің бәсеңдеуі және бітпейтін кезек демалушыларды әбігерге түсіреді. Дәл осы түйткілді шешу үшін бірнеше жоба қолға алынған. Шымбұлақ пен Ойқарағай арасын заманауи арқан жолмен байланыстыру көзделген.

Жоспарға сай, аспалы жол «Пионер» курортын, «Қимасар» мен «Бұтақты» шатқалын біріктіреді. Қазір аталмыш аймақты зерттеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Туристік ағынды реттеуге көмектесетін жоба аясында аспалы жол санын көбейтіп қана қоймай, шаңғы трассаларын ұзарту да ойластырылған.

«Жылдан жылға келетін адамдар саны көбейіп жатыр. Сондықтан да үлкейтіп, кеңейте берсе жақсы болар еді», – деді тұрғын.

«Беларусь елінен келіп отырмыз. Алматының әсем жерлерін аралап үлгердік. Демалыс орындары жанға жайлы. Кемшілік аңғармадым», – деді турист.

«Меніңше, бағаны реттеу керек. Қымбатшылық байқалады. Ел тұрғындарына басқа, ал шетелдік азаматтарға өзге тариф ұсынылуы керек», – деді тұрғын.

Деректерге тоқталсақ, 2025 жылы алғашқы 6 айында Алматыға 1 миллионнан аса турист келген. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 6,5 пайызға жоғары. Көрсеткіштегі үлестің көп бөлігі мегаполиске елдің өзге өңірлерінен келетіндерге тиесілі. Жауапты мамандардың айтуынша, демалушыларға ұтымды әрі қолайлы жағдай жасау үшін қаланың танымал орындарынан басқа аймақтарын да дамытуға жан-жақты көңіл бөлініп жатыр. Қыркүйек айының соңына дейін Алматыда 3 кемпинг аймағы ашылмақ.

 «Туристік инфрақұрылымды дамыту барысында туризм басқармасы туристік соқпақтарды, кемпинг аймақтарды және де Алма-Арасан термалды аймағын абаттандырған болатын. Бұл жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алматы қаласында 13 тегін кемпинг аймағы жүзеге асырылған», – деді  Туризм бюросы тау кластерін дамыту бөлімінің бас менеджері Айбол Мұратхан.

Экологтар саладағы инфрақұрылымды жақсарту демалыс орындарындағы нысандардың жұмысын реттеуден басталуы керек. Әрі сапаға мән беріп, қоршаған ортаға зияны тимейтін бастамаларды қолдаудың маңызды екенін айтты.  

«Жолды жақсарту қажет. Басты назарды жаяу жүргіншілер жолына аудару керек. Қызмет көрсету орындарына көңіл бөлгеніміз жөн. Реттіліктің болғаны дұрыс. Мәселен, кейбір нысандарда кәріз жүйесі жоқ. Иелері әжіқұдық қолданады. Оның толып немесе жерасты суына қосылып кетуі әбден мүмкін», – деді мәслихат депутаты Тимур Елеусізов.

Сала сарапшыларының пайымына сүйенсек, туризм бағытын дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын да ашуға болады. Мамандардың айтуынша, бұл бағытта елде 500 мыңнан аса адам қызмет етеді. Ал 2030 жылға қарай көрсеткіш 800 мыңға дейін ұлғаймақ екен.

 Рүстем Айткәрім, Думан Дәлетбақұлы, Хангелді Ахметхан

Оқи отырыңыз: Үкімет күмәнді және тиімсіз әлеуметтік төлемдерді тоқтатады