Мәжіліс төрағасы Үкімет қорытындыларының кешігуіне шағымданды
«Парламент заң жобаларын қарау барысында Үкімет қорытындыларын ұзақ күтуге мәжбүр». Бұл туралы бүгін қос палатаның бірлескен отырысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, Олжас Бектеновтің командасының қосымша қаржыны талап ететін ұсыныстар мен түзетулерге қорытындыны 7 айға дейін бермейтін кездер болады екен. Бұл жайт Президент тапсырмаларының орындалуын, халық сарыла күтіп отырған маңызды заңдардың уақытылы қабылдануын кешеуілдететін көрінеді.
Тәуелсіз ел тарихындағы сегізінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясы жұмысын аяқтады. Бүгінгі баяндамашы - төменгі палатаның төрағасы Ерлан Қошановтың өзі. Ол сөзінің әлқиссасын қос палата қабылдаған заңдардан бастады. Үшінші сессия барысында екі палатаның 3 бірлескен отырысы, Сенат пен Мәжілістің 39 жалпы отырысы өтіпті. Қос палата 158 заң жобасын қарап, оның 89-ын қабылдаған. Осы сессияда қабылданған маңызды заң жобаларын тізіп шыққан Қошанов Үкіметке біраз сын айтты.
Оның айтуынша, Үкімет заңға бастамашылық етудің орнына Парламентке хат жазу арқылы мәселені шешуді әдетке айналдырып алған. Бұл мәселені Мәжіліс төрағасы жыл сайын қайталап айтса да, Бектеновтің командасы тиісті регламентті сақтамай отырған көрінеді.
«Заң дайындағанда оның өз тәртібі бар. Оның алдын ала тиісті құжатын дайындап, халықпен ақылдасу керек. Одан кейін оның тиісті концепциясын дайындау керек. Одан кейін тиісті комиссиядан өткізу керек. Яғни, сол сүзгілерден өткізгенде ғана заң сапалы болады. Ал бізге Үкіметті соңғы уақытта істейтіні көбінесе жаңағы этаптардан өткісі келмейді. Басын ауыртқысы келмейді», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.
Ал 10 айды қорытындылап демалысқа шыққан депутаттар Парламент кулуарында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлары туралы журналистерге ағынан жарылып айтып берді. Ауылдағы шаруаларға алаңдап жүретін Жигули Дайрабаев сайлаушылармен кездесу үшін алдымен ат басын Шығыс Қазақстанға бұрмақ. Одан Павлодар, Қостанай өңірлеріне барады.
«Бізде каникул дейді. Каникул емес, сайлаушылармен кездесу. Негізге мақсатымыз –сайлаушылармен кездесіп олардың әл-ауқатын, хәл-жағдайларын білу. Содан кейін күзгі сессияға дайындаламыз. Ол кісілердің пікірлерін басшылыққа аламыз», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев.
Сайлаушыларын несие қамытынан босатамын деп жанталасып жүрген Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ерлан Стамбеков осы мәселе бойынша бірқатар ұсыныс жасаған. Оның айтуынша, Президент тиісті заң жобасына қол қойса, келесі жылдан бастап қарызға батқан халық нәтижесін көреді деп үміттеніп отыр.
«Мен жұмыс толбына кірдім. Сол жағынан жан-жақты зерттеп, өз ұсыныстарымызды ұсынамыз. Үлкен пайыздарды азайтуымыз керек. Неге десеңіз, «Банктерді ырықтандыру туралы», сосын «Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау» деген заңдардың ішінде проценттерді азайтқанбыз», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Стамбеков.
Жоғары палатаның депутаттары үшінші сессияда 89 заңды қарап, 75-ін мақұлдап, 14-ін Мәжіліске қайтарған. Жетісудың тумасы сенатор Ғалиасқар Сарыбаев туған жері үшін біраз шаруа атқарыпты.
«Жетісу облысына байланысты Алакөл жағалауын бекіту бойынша қаржы бөлінді. Сонымен қатар Балқаш көлінің жан-жағына жаңағы коммуналдық шаруашылық жұмыстарын жүргізу үшін қаржы бөлуге көмектестік. Сонымен қатар кейбір елдімекендердегі ауызсу мәселесі жылдар бойы шешілмей тұрған болатын. Соған қаржы бөлуге үлес қостық», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев.
Бұл сессияда Парламент депутаттары 500-ден аса елдімекенге барып, халықпен мыңнан астам кездесу өткізіпті. Он айдың ішінде депутаттарға екі мыңнан астам адам жүгінсе, 30 мыңнан астам азамат хат жазған. Сессиядағы соңғы отырысын өткізген қос палатаның депутаттары күзде қайта келіп, Мемлекет басшысының маңызды тапсырмалары бойынша жұмысты жалғастырамыз деп тарқасты.
Астанадан Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Алматы телеарнасы
Оқи отырыңыз: Парламент депутаттары каникулға шықты