Алматыда Арбат аумағы жаңғыртылып, жаңа демалыс аймағына айналады

Қаланың басты жаяу жүргіншілер аймағында күрделі жөндеу басталды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Арбат жаяу жүргіншілер аймағы жаңғыртылады. Жоба аясында бұл аумақты көгалдандыру қолға алынып, ірі ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнының жобасымен қала әкімі Дархан Сатыбалды да танысып шықты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Енді мұнда заманауи жарық шамдары орнатылып, оларға интерактивті элементтер енгізіледі. Сондай-ақ балалар мен ересектерге арналған ойын және спорт алаңдары жаңартылады. Аймақтың жер төсемі де ауыстырылады. Мұндағы ескі жабындының орнына жаңартылған дизайндағы тастар орнатылып жатыр. Жоспарға сәйкес бұл шаруа келер жылдың маусымында аяқталуы тиіс. Айта кетейік, бұл аймақта соңғы күрделі жөндеу 2017 жылы жүргізілген екен.

Сондай-ақ қала әкімі аралау барысында Панфилов көшесінің жаңартылған бөлігін де көріп шықты. Мұнда 8 жарым мың шаршы метр аумаққа жаңа асфальт, 5,5 мың шаршысына гранит төсендісі жабылды. Ал тұрғындардың жайлылығы үшін көше бойына 150-ден астам орындық қойылған. Жарықтандыру да толық жөндеуден өтіп, 2,6 шақырым кабель тартылыпты. Бұған қоса, екі құрғақ фонтан қайта іске қосылды.

«Біз көгал аумағын 3800 шаршы метрге ұлғайттық. 13 мыңнан аса бұта отырғыздық. 45 ағаш ектік. Негізінен жөке ағаштары, сондай-ақ алмұрт пен алма ағаштары да бар. Көріп тұрғандарыңыздай, тас төсемін түгел ауыстырған жоқпыз. Себебі, белгілі бір бөлігі бүтін. Шөгіп кеткен тұстарын ғана түзедік», - деді Алмалы ауданының әкімі Арман Шәмшин.

Қала басшысы мегаполистегі тарихы терең, аумағы кең Жамбыл Жабаев атындағы №161 лицейдің жөндеу жұмыстарымен де танысып қайтты. Білім ордасында сейсмоқауіпсіздік күшейтіліп, абаттандыру жүргізілуде. Мектеп енді зертханалармен жабдықталып, әр пәнге арнайы кабинеттер, шеберханалар мен спорт залдары қарастырылған. Бастысы, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оқу бөлмелері де жобаға қосылған. Мектеп ғимараты 200 оқушыға есептелген.

Дархан Сатыбалдының айтуынша, қала инфрақұрылымын тек орталықта емес, шеткі аумақтарда да дамыту керек. Ол үшін тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескеріп, әр жобаның сапасына, мерзіміне қатаң бақылау қажет. 

«Құрылыс жұмыстары 9 айдың көлемінде орындалды. 860 миллион теңге шамасында қаражат бөлінді. Уақытысында барлық құрылыс жұмыстары, жөндеу жұмыстары барлығы орындалды. Құрылыс нысаны осы қаладағы үлкен мектеп, біліп ордасы деп айтуға болады. Бұл нысан 1935 жылы салынған, 90 жыл болған. Құрылым жұмыстарын жөндеуге, жөндеу жұмыстарын жөндеуге талаптарға сай болып жұмысқа берілген болатын», - деді мердігер компанияның өкілі Келіс Әбішев.

Оқи отырыңыз: Дархан Сатыбалды: "Таза Қазақстан" - азаматтық жауапкершілік пен қалаға деген сүйіспеншіліктің белгісі

Новости партнеров