Үкімет жаңа халықаралық әуе рейстерін іске қосу жөнінде ұсыныстар дайындамақ

21.01.2026 15:34

Сондай-ақ теміржол саласындағы жобалардың мерзімін қатаң сақтау қажеттігі атап өтілді

Аlmaty.tv

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Президент Ұлттық құрылтай барысында авиация саласын дамытуға және отандық әуежайлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ерекше назар аударғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сондай-ақ теміржол саласында инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мерзімдерін қатаң сақтау қажеттігі атап өтілді.

"Президент көлік саласын дамытуға ерекше тоқталып өтті. Көлік министрлігіне “Самұрық-Қазына” қорымен бірге бір апта мерзімде жаңа халықаралық әуе рейстерін іске қосу және ұлттық карго-тасымалдаушының алдағы қызметі жөнінде нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Көлік және Энергетика министрліктері, “Қазмұнайгаз” компаниясы, мүдделі мемлекеттік органдар авиаотын бағасының, сондай-ақ отандық әуежайлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асырсын. Теміржол саласында биыл “Қызылжар – Мойынты”, “Дарбаза – Мақтаарал”, “Алтынкөл – Жетіген” және “Жезқазған – Сексеуіл” жобаларын аяқтау қажет", — деп атап өтті Премьер-министр.

Оқи отырыңыз: Салық кодексі бойынша жұртшылықтан түсетін ұсыныстарға мұқият талдау жүргізіледі