Қазақстандықтардың 900 млн теңгесін иемденген: Украинада call-орталық жойылды

Алаяқтық әрекеті екі ел құқық қорғаушыларының бірлесіп күш салуымен әшкереленді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Украинада қазақстандық азаматтарды алдаумен айналысқан call-орталық жойылды. Жедел іс-шараны еліміздің Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігі Украинаның Ұлттық полициясымен және Бас прокуратурасымен бірлесе отырып жүргізген, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Трансұлттық қылмыстық топтың кеңсесі Черновцы мен Одесса қалаларында орналасыпты. Олар алдын ала құрылған схема бойынша әрекет еткен. Жәбірленушілерге Қазақстанның Ұлттық банкі, құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтері атынан қоңырау шалып, түрлі жолмен алдап, қорқытқан. Кейін азаматтарды несие алуға, мүлкін сатуға және депозиттегі қаражатты дроптардың шотына аударуға мәжбүрлеп, психологиялық қысым көрсеткен екен.

Осылайша, қаскүнемдер қазақстандықтардың 900 миллион теңгесін иемденіпті. Ал қылмыстық жолмен келген ақша call-орталықтың жұмысына, кеңсені ұстауға және көліктер сатып алуға жұмсалған. Арнайы операция нәтижесінде Украинаның 9 азаматы ұсталып, оның бесеуі қамауға алынды.

«Тінту барысында 30-дан астам компьютерлік техника, 79 ұялы телефон, sim-карталар, нысанды киім-кешек, құқық қорғау және арнайы органдардың, Ұлттық банктің қызметкерлерінің жалған куәліктері, сондай-ақ басқа да айғақтар тәркіленді. Тәркіленген құрылғыларда deepfake технологиясы арқылы бейне мен дауысты өзгертуге арналған арнайы бағдарламалық жасақтама табылды. Алдын ала мәлімет бойынша қаскүнемдер Қазақстан тұрғындарын 900 миллион теңгеден астам сомаға алдаған», - деді ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Аслан Өскембаев.

Оқи отырыңыз: Атыраудағы қыздар төбелесіне байланысты қылмыстық іс қозғалды

Новости партнеров