Ұлағатты ұстаздар мерекесі: Мегаполисте балабақша тәрбиешілері құрметтелді

Салтанатты шара 150-ге жуық тәрбиеші мен әдіскердің басын қосты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда мектепке дейінгі ұйымдардың қызметкерлеріне арналған мерекелік іс-шара өтті. Қалалық Білім басқармасы мен Бостандық ауданының білім бөлімі бірлесіп ұйымдастырған жиын №215 жалпы білім беретін мектепте өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Салтанатты шара 150-ге жуық тәрбиеші мен әдіскердің басын қосты. Ұстаздар ән айтып, би билеп, мерекелік концерт ұсынды. Білім басқармасының өкілдері балаларға мейірім мен қамқорлық көрсетіп, олардың алғашқы білімі мен дағдыларының қалыптасуына үлес қосып жүрген педагогтерді кәсіби мерекесімен құттықтады.

Сала мамандарының айтуынша, мектепке дейінгі тәрбие – баланың болашақ дамуының маңызды кезеңі. Ал бүлдіршіндердің алғашқы білім алып, қоршаған ортаға бейімделуінде тәрбиешілердің еңбегі ерекше.

– Тәрбиешілеріміздің еңбегі үлкен құрметке лайық. Бір топта 20-25 бала бар. Олардың әрқайсысымен тіл табысып, қабілеті мен мінезіне қарай жұмыс істеу қажет. Балаларға күнделікті қарапайым дағдыларды үйретудің өзі үлкен еңбекті талап етеді. Барлық тәрбиешіге шығармашылық табыс пен толағай жетістік тілеймін, – деді Білім басқармасының Арнайы мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлімінің басшысы Мираш Доскеева.

«Бір қала – бір жүрек» атауымен өткен мерекелік шарада арнайы фотоаймақ ұйымдастырылып, жасанды интеллект көмегімен әзірленген бейнероликтер көрсетілді. Оқушылар түрлі музыкалық аспапта өнер көрсетіп, ұстаздарға құрмет білдірді. Жиынға ардагер педагогтер де арнайы шақырылып, оларға гүл шоқтары табысталды.

– Педагогтеріміз білім беру саласында үлкен еңбек етіп келеді. Алматыда мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым бар. Барша ұстазға шығармашылық табыс, мол жетістік және зор денсаулық тілеймін, – деді Бостандық ауданы білім бөлімінің басшысы Айгүл Қасымбек.