Уланған балалардың жағдайы тұрақты - Ержан Сералин
Алматыда 12-14 қазан аралығында 48 оқушы ішек инфекциясын жұқтырып, ауруханаға түскен
Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде оқушылардың жаппай улануына байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. 12-14 қазан аралығында 48 оқушы ішек инфекциясын жұқтырып, ауруханаға түскен. Қазір барлығының жағдайы тұрақты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Эпидемиологиялық тексеру барысында науқастардың мектеп-интернатта тұратыны анықталған. Олармен байланыста болған 225 адам дәрігерлердің бақылауына алынды. Тағы жатақханадағы алты бала оқшауланған. Инфекцияның нақты неден шыққанын анықталып жатыр.
"Барлық балаларға қажетті медициналық шұғыл емдер жасалып, қазіргі таңда балалардың жағдайы тұрақты. Өзгерістер оң жағымен келе жатыр. Керек емнің бәрі қабылданды. 6 бала мектептегі изоляторда", - деді Балалар қалалық клиникалық жұқалы аурулар ауруханасының директоры Ержан Сералин.
Мектеп асханасын тексерген мамандар санитариялық талаптардың бұзылғанын анықтаған. Атап айтқанда, азық-түлікті сақтау және тамақтандыру-процессін ұйымдастыру жұмыстарында олқылықтарға жол берілген екен. Кейбір сүт өнімдерінің тиісті құжаттары болмаған. Осыған байланысты бес қаулы шығарылып, мектеп пен асхана уақытша жабылды. Кейбір тағамдарды сатуға тыйым салынып, құжатсыз сүт өнімдері айналымнан алынды. Алайда балалардың жаппай сырқаттануына нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз.
Оқи отырыңыз: Елуге жуық оқушының улануына байланысты қылмыстық іс қозғалды