Ұлдана Мырзуанның ісі: сотталушы кінәсін мойындамады

09.09.2026 15:36

Сәуле Жұбаниязова Мүлік иелері бірлестігінің төрағасы қызметіне 2025 жылдың мамыр айында келген

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның ісіне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін сотталушы Сәуле Жұбаниязовадан жауап алынды, деп хабарлайды Almaty.tv

Айыпталушының айтуынша, ол құжаттарды алғаннан кейін қабылдау-тапсыру актісіне қол қойған. Сөзінше, сол кезде Гүлжаухар Ахметова үйдің жағдайы жақсы екенін және атқарылуы тиіс жұмыстың  жасалғанын айтқан.

Тіпті алдағы уақытта тек гүл егумен айналысасың деген екен. Сотталушының айтуынша, құжаттар оған шұғыл түрде кешкі уақытта тапсырылған. 

«Ахметова құжаттарды тапсырғанда, үйдің жағдайы өте жақсы, барлық жұмыс жасалғанын айтты. «Сен тек гүл отырғызасың» деді. Ал қазір «құлаған фасад бөлігіне қатысты жүргізілген сараптаманы бұрын көргенсің және сол кезде жағдайды алдын ала тоқтатуға болатын еді» деген сөздер айтылып жатыр. Бірақ мен сараптаманы алған да, көрген де жоқпын. Мен қызметке келген кезде тұрғындардан ешқандай шағым болмады, үйде жарықтар немесе құлау белгілері байқалмады», – деді сотталушы Сәуле Жұбаниязова.

Сондай-ақ істі қарау барысында айыпталушы өзін кінәлі деп санамайтынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл қызметке келісуі үлкен қателік болған.

Айта кетейік, Сәуле Жұбаниязова Мүлік иелері бірлестігінің төрағасы қызметіне 2025 жылдың мамыр айында келген. Ал қайғылы оқиға сол жылдың 8 қарашасында болған. Яғни ол төраға қызметінде небәрі алты айға жуық уақыт жұмыс істеген.

«Мен өзімді бұл жағдайға кінәлі деп санамаймын. Мен осы үйді өз жауапкершілігіме алып, мүліктік меншік иелері бірлестігінің төрағасы болдым. Сол шешіміме қазір қатты өкініп отырмын. Мен өз балаларыма дені сау, бақытты және әрдайым олардың жанында жүрген ана ретінде қажетпін. Құрметті сот, істің барлық мәнжайын жан-жақты ескеріп, заң аясында әділ шешім қабылдауыңызды сұраймын», – деді сотталушы Сәуле Жұбаниязова.

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде әлеуметтік желіде балағат сөздер қолданған тұрғын жауапқа тартылды

Толық көрсету