Әулетте келіндеріміз де темір жол саласында қызмет етіп келеді - еңбек ардагері

05.02.2026 19:52

Теміржол саласының тарланы – бүгінде үш перзенттің әкесі, он немеренің атасы

Алматыда сан мыңдаған теміржолшы тәрбиелеген еңбек ардагері тұрады. Ол қызмет еткен 46 жылында Алматы, Шу, Жамбыл секілді бірнеше өңірде жұмыс істеген. Ісіне адалдығының өтеуі ретінде «Еңбек ардагері», «Құрметті теміржолшы» сынды мәртебелі марапаттарға ие болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қуаныш Естемісов – теміржол саласына саналы ғұмырын сарп еткен, шойын жолдың ыстығы мен суығын тең көрген еңбек адамы. Ол 1946 жылы Жетісу облысындағы 54-разъезде теміржолшылар әулетінде өмірге келген. Балалық шағында үйінің іргесінен гүрілдеп өтетін пойыздар болашақ мамандығын айқындап беріпті. Осылайша арман қуып 1968 жылы Алматы теміржол көлігі техникумына оқуға түседі.

«Теміржолда істеген еңбегіміз Естемісовтар әулеті 500 жылдан асып кетеді. Әкем бес ағайынды, бәрі темір жолда істеген. Балалары да – теміржолшы. Біздің әулетімізде келіндер де осы салада жұмыс істеді. Біз ардагеріміз, майталманымыз десек те болады», – деді еңбек ардагері Қуаныш Естемісов.

Қуаныш Естемісов еңбек жолын 1973 жылы Айнабұлақ жол дистанциясында бастап, аға жол шебері ретінде 6 жыл бойы табанды қызмет атқарды. Кейінгі жылдары Шу, Алматы, Бескөл теміржолдарында жауапты міндеттерді абыроймен орындады. Сол бір кезеңдерді еске алған теміржолшы «Шойын жолдың майталманы атануыма ең алдымен тәртіп себеп болды» дейді.

«Теміржолда, қай салада болса да тәртіп керек. Тәртіп болған жерде жұмыс та жүреді», – деді еңбек ардагері Қуаныш Естемісов.

Теміржол саласының тарланы – бүгінде үш перзенттің әкесі, он немеренің атасы. Балалары оның кәсіби білігімен қатар, биік адамгершілік болмысын үлгі етеді. Ал әріптестері тәжірибесі терең маманның әлі де талай буынға үйретері мол екенін айтты.

«Қуаныш ағамыз Алматы магистраль желі бөлімшесін басшылығында қызмет еттік. Бұл кісінің ең бір қасиеті адамгершілігі өте мол. Білгенін шәкірттеріне үйретіп, білмейтін жерімізді айтып отыратын», – деді Қ. Естемісовтың шәкірті Мағаш Мақанқызы.

Шойын жолдың майталманы 46 жылға созылған кәсіби жолында «Еңбек ардагері», «Құрметті теміржолшы» сынды бірқатар марапаттардың иегері атанған. Ал бүгінде ол теміржол дәстүрі үзілмей, болашақта немерелерінің арасынан өз жолын жалғар теміржолшы өсіп шықса деген тілегін білдіреді.

Мәди Мәлік. Әлішер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: Келемін деушілерге есік ашық: Димаш Құдайберген жанкүйерлерін «Voice Beyond Horizon» жобасын тамашалауға шақырды