Үлгілі ауыл: Алматы облысында жеңімпаздар марапатталды

Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жеңімпаздар 16 критерий бойынша бағаланған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері күнінде облыста «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпаздары анықталып, арнайы марапаттар табысталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Салтанатты жиынға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Анас Баққожаев және Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов қатысты.

Байқау қорытындысы бойынша Алматы облысының ең үлгілі ауылы деп Қарасай ауданына қарасты Жібек жолы ауылы танылды. Одан кейін екінші орынды Іле ауданының Байкент ауылы және үшінші орынды Еңбекшіқазақ ауданының Ащысай ауылы иеленді. Аталған аймақтарға арнайы ауыл шаруашылығы техникасы сыйға тартылды.

Бірінші орын иеленген округтің әкімі Дидар Нұрақынов бұл марапаттың ауыл үшін ерекше маңызға ие екенін айтты.

«Бұл марапат біз үшін үлкен мәртебе. Енді ауылымызды көркейту мақсатында бұрынғыдан да белсенділік танытуға тырысамыз және бар күшімізді салып еңбек етеміз», – деді Жібек жолы ауылдық округінің әкімі Дидар Нұрақынов.

Алматы облысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының басшысы Димаш Қожабеков байқаудың мақсат-міндеттерін түсіндірді.

«Бұл байқау «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасының іс-шарасы аясында жүргізіліп отыр. Байқауға 8 ауданнан 8 ауыл қатысты. Облыстық комиссия шешімі бойынша үш ауыл үздік деп танылды. Ол – Қарасай ауданының Жібек жолы ауылы, Іле ауданының Байкент ауылы және Еңбекшіқазақ ауданының Ащысай ауылы. Аталған ауылдар ауыл шаруашылығы техникаларымен марапатталды. Арнайы техникалар инфрақұрылым жағдайын жақсартуға үлкен көмек береді деген ойдамын. Іс-шараның негізгі мақсаты – өңірдегі ауылдың ішіндегі инфрақұрылым, санитарлық тазалау, адамдардың арасындағы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлкен серпін беру», – деді ол.

Оның айтуынша, жеңімпаздар 16 критерий бойынша бағаланған. Соның ішінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы жұмыстардың ұйымдастырылуы, туризм әлеуеті, өңірдің экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштері және экологиялық мәдениеттің дамуы негізгі талаптар ретінде қарастырылған.

Айта кетейік, «Үлгілі ауыл» байқауы биыл Алматы облысында алғаш рет өткізіліп отыр. Алдағы жылдары іс-шара дәстүрлі түрде жалғасын табатын болады.

Дереккөз: Alataunews.kz.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Новости партнеров