Әулиеатадағы әскер қатарында 10 егіз сарбаз борышын өтеп жүр

Ақтөбеден келген Әділет пен Ақниет Төремұратовтар байланыс полкінде борышын өтеп жүр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әулиеатадағы әскер қатарында 10 егіз сарбаз Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы сарбаздарды бөлмей сыңарымен бірге бөлімдерге жіберген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сыңарымен сапта тұрған сарбаздардың бірі – Аман мен Есен. Нұрсұлтан мен Ерсұлтан да бар. Отан алдындағы борышын өтеуге өз еркімен бірге келген. Олар қазір түзету мекемесінде қарауылдық қызметте жүр. Ал 19 жастағы түркістандық Эльшан мен Эльхан Нуриевтер ұлттық ұлан сапында. Ал Ақтөбеден келген Әділет пен Ақниет Төремұратовтар байланыс полкінде борышын өтеп жүр.

«Әскери өміріміз ұнап жатыр. Әр күніміз қызықты өтіп жатыр, өз еркімізбен келдік. Әскерден қашпаңдар, ер азамат әскери борышын өтеуі керек. Ол – Отан алдындағы парызы», – деді қатардағы жауынгер Әділет Төремұратов.

Диас пен Ілияс Төлепбергендер Талғардан Тараздағы әскери бөлімге былтыр келген. Егіздердің екеуі де 5513 әскери бөліміне борышын өтеп жүр. Енді екі аптадан соң үйіне оралады. Бір жыл бойы абыройлы қызмет атқарған сыңарлар «жастарға үлгі болсақ» дейді.

«Қызмет атқарып жатқанда артымызда өсіп келе жатқан қарындастарымыз інілеріміз бізге қарап үлгі алса екен деп сол қоғамдық тәртіпті елдің тыныштығын күзетудеміз», – деді қатардағы жауынгер Диас Төлепберген.

«Әке-шешелер көп жағдайда балаларын әскерге жіберуге қорқады. Ал бұл жерде бір үйдің екі баласы бірдей Отан алдындағы борышын өтеуге келіп тұр. Бізге жіберіп, сеніп артқанына, рақмет!» – деді 28 903 әскери бөлімі батальон командирінің орынбасары Рахымжан Арынтаев.

Биыл «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдеріне 2 мыңнан аса жас сарбаз қосылды. Жауынгерлер тек борышын өтеп қана қоймай елдегі университеттердің грантын ұтып ала-алады. Ол үшін оқу мен жауынгерлік дайындықта үздік болуы керек. 

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан

Оқи отырыңыз: e-Медосмотр: әскери шақыру науқаны ақпараттық жүйеге енді

Новости партнеров