Ұлттық архив қоры жаңа материалдармен толығады

Мемлекеттік архивтеріне ұлттық мәртебе беру көзделіп отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұлттық архив қоры жаңа материалдармен толығады. Мәжіліс архив ісіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жобаға сәйкес, Ұлттық архив қорының құрамы нақтыланып, оған жобалық-сметалық, қала құрылысына қатысты құжаттар, шетелде табылған түпнұсқа архивтердің көшірмелері және өзге де құжаттар қосылады. Бұған қоса, елімізде бірыңғай электронды архив жүйесі енгізілетіні айтылды. Мәжілісте депутаттар бастаманы қолдап, қағаз құжаттардың орнына сандық форматты ұзақ уақыт сақтаудың тиімділігі мен ақпаратты бір орталыққа жинаудың маңызын атап өтті.

«Президент тарихи жадымызды сақтау және азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін арттыру мақсатында заманауи цифрлық архивтерді құру мен енгізуді жеделдету жөнінде нақты міндет қойды. Екіншіден, «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесі пайдалануға енгізіледі. Заңдық норма бар. Бүгінгі күнге дейін мемлекеттік құжаттарды сақтаудың бірыңғай цифрлық жүйесі болған жоқ», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев.

Сонымен қатар еліміздің мемлекеттік архивтеріне ұлттық мәртебе беру көзделіп отыр. Қазіргі таңда мәртебеге «Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві» мен «Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві» лайық деп танылды. Депутаттар аталған мекемелердің атауында «ұлттық» сөзі болғанымен, оның заңдық тұрғыда ресми бекітілмегенін атап өтті. Жастардың архив саласына қызығушылығы төмен екені де назарға алынды. Осыған байланысты заң жобасында ауылдық жерлерде еңбек ететін архив қызметкерлеріне қосымша төлем қарастыру ұсынылған. Бұл шара кадрлық әлеуетті күшейтіп, саланың дамуына серпін бермек.

 «Анығында бұл салада кадр тапшылығы, технологиялық артта қалушылық, әсіресе ауылдық жерлерде мамандардың жеткілікті ынталандырылмауы, салалық мекемелердің мәртебесі  сынды қордаланған проблемалар аз емес. Заң жобасы осы мәселелерді кезең-кезңімен шешуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жастардың архив мекемелерінде жұмыс істеуге қызығушылығы төмен. Себебі еңбек ақының төмен, қосымша ынталанддыру шараларының жеткіліксіз», – деді ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжанов.

Оқи отырыңыз: Түркі дүниесі туралы білімімізді кейінгі ұрпаққа мирас ету үшін оны жүйелеуіміз керек – Президент

Новости партнеров