Ұлттық банк автокредит пен тұрғын үй қарыздарына қатысты шешім қабылдады
Кейбір кредит түрлеріне БЖК талабын қолданбау мерзімі ұзартылды
Ұлттық банк тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы берілетін қарыздар мен автокредиттердің жекелеген түрлеріне борыш жүктемесі коэффициентін (БЖК) міндетті түрде сақтау талабын қолданбау мерзімін ұзартты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ұлттық банктің баспасөз қызметінен хабарлағандай, бұл шешім ипотекалық кредиттеу және автокредиттеу нарығындағы жағдайды талдау қорытындысы бойынша қабылданған.
Қазіргі уақытта БЖК талабын міндетті түрде сақтау мынадай қарыз түрлеріне қолданылмайды:
- тұрғын үй құрылыс жинақ (ТҚЖ) жүйесі арқылы берілетін қарыздар;
- Қазақстанда алғаш рет тіркелетін жаңа автокөлікті сатып алуға берілетін кредиттер;
- құнының кемінде 50%-ы бастапқы жарна ретінде төленетін, кепілге қойылатын қолданыста болған автокөлікті сатып алуға берілетін кредиттер;
- пайдаланылғанына үш жылдан аспаған, құнының кемінде 30%-ы бастапқы жарна ретінде төленетін және кепілге қойылатын автокөлікті сатып алуға берілетін кредиттер.
Ұлттық банктің шешіміне сәйкес, бұл ерекшеліктердің қолданылу мерзімі ұзартылды. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы берілетін қарыздарға қатысты талап 2029 жылғы 31 желтоқсанға дейін, ал жоғарыда аталған автокредит түрлеріне қатысты талап 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылмайды.
Тиісті өзгерістер Ұлттық банктің 2025 жылғы 25 тамыздағы №52 қаулысына енгізіледі.
Сонымен қатар, Ұлттық банк 2027 жылы кредит нарығындағы жағдайға мониторинг жүргізуді жалғастырады. Егер кредиттеудің жекелеген сегменттерінде жүйелік тәуекелдер артса, реттеуші халықтың борыш жүктемесі мен қаржылық тұрақтылығына қатысты көрсеткіштерді ескере отырып, қосымша шаралар қабылдауы мүмкін.
Оқи отырыңыз: Алматы білім басқармасының орталығы халықаралық сыйлықтың арнайы жүлдесін алды