Ұлттық банк бір адамға берілетін несие санына шектеу енгізбек

Almaty.tv
Almaty.tv

Банк мәліметінше, биыл 1 сәуірдегі жағдай бойынша халықтың қаржы ұйымдарына берешегі 25 триллион теңгеге жеткен

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Келер жылдан бастап несиені екінің бірі ала алмайды. Ұлттық банк бір адамға берілетін кредит санына шектеу енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Қазір қазақстандықтардың мойнында 40 миллионға жуық несие бар. Оның ішінде тұтынушылық мақсатта алынған қарыз көлемі 17 триллион теңгеге жеткен. Мамандар мұны халық арасында қажетсіз әрі ойланбай алынатын кредиттің көбейгенімен байланыстырады. Жаңа бастама азаматтардың шамадан тыс қарызға батуының алдын алып, қаржылық тұрақтылықты күшейтуді мақсат етеді

Елде несие алатын адамдар саны жылдан жылға көбейіп келеді. Бұл бұрынғыдай сирек құбылыс емес, қалыпты жағдайға айналған. Ұлттық банк мәліметінше, биыл 1 сәуірдегі жағдай бойынша халықтың қаржы ұйымдарына берешегі 25 триллион теңгеге жеткен. Оның басым бөлігі –  тұтынушылық несиелер. Осы жағдайға байланысты Ұлттық банк жаңа шектеу енгізуді жоспарлап отыр. Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап несие алғанда банктер тек ай сайынғы төлемді ғана емес, адамның жалпы қарыз жүктемесін де есепке алуға міндетті болады.

«Бұл бастама банктердің несиені ойланып беруін ынталандыруға және халықтың шамадан тыс қарызға батуын азайтуға бағытталған. Осындай шаралар еліміздің қаржы жүйесін нығайтып, несие беру ісінің дұрыс жолға қойылуына көмектеседі. Ұлттық Банк 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтың жалпы қарызы оның 8 жылдық табысынан аспауы керек деген шекті деңгейді енгізуді жоспарлап отыр», – деді ҚР Ұлттық банкінің баспасөз хатшысы Асан Ахметжан.

Банк мәселелерін зерттейтін тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, несиелеу жүйесіндегі шектеулерді бірізді емес, әрбір қарыз түрінің ерекшелігіне қарай бөлек белгілеу қажет.

«Кредиттік жүктеме түрі мен міндеттемелеріне қарай әртүрлі болады. Яғни, несиелеу түрлеріне байланысты пайыздық мөлшерлемелер де әртүрлі. Егер банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыз жүктемесінің коэффициенті талаптарын қатаң түрде сақтап, нақты орындап отырса, онда қарыз жүктемесі міндеттемелерін орындату тетіктерін енгізудің де қажеттілігі болмас еді», – деді Банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Биякаев.

 Экономист мамандар тұтынушылық несиенің көбеюін ең алдымен халық табысының инфляцияға қарағанда баяу өсуімен байланыстырады. Сонымен қатар екінші деңгейлі банктерде кредит рәсімдеу шарттарының жеңіл болуы да қарыз алушылар санының артуына әсер етіп отыр. Сарапшылардың пікірінше, қаржы ұйымдарының азаматтарға қоятын талаптарын күшейту мәселесі бұдан 5–6 жыл бұрын қолға алынуы керек еді. Себебі сол кездің өзінде кейбір азаматтар несиені жабу үшін тағы несие алып, қарызды қарызбен жауып бастаған.

«Бұның оң жағы да бар, теріс жағы да бар деп айтуға болады. Теріс жағы әрине бұл азаматтардың экономикалық белсенділігін төмендетеді. Бұл шағын және орта бизнестің қызметінің жұмысының азайуына әкеледі. Енді жақсы тұсы несие бірінің үстіне бірі алынған несие тоқтатылады. Өйткені несиенің үстіне несие алып, азаматтар осы қарқынмен кете беретін болса, психологиялық күйзеліске әкелуі мүмкін», – деді экономист Бауыржан Ысқақ.

Айта кетейік, бұған дейін 19 наурыздан бастап тұтынушылық несиелерге қатысты жаңа ережелер енгізілген болатын. Оған сәйкес, бір ай бойы төлем жасамаған азаматтарға қосымша кредит беруге шектеу қойылған.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Алматыда Ж. Үшкемпіров көшесінің бір бөлігі уақытша жөндеуге жабылады

Новости партнеров