Ұлттық дәм фестивалі: Алматыда ұлттық тағамның жаңа үлгілері ұсынылды

Байқаудың қорытынды кезеңі «Жанданған ұлттық дәм» атауымен өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда ІІ республикалық «Ұлттық дәм фестивалі» өтті. Қазақ халқының сан ғасырлық ас мәзірі ұлықталған байқауға Алматы, Жамбыл облыстары және Оңтүстік Астанадан 50-ге жуық қатысушы жиналды. Үш номинация бойынша ұйымдастырылған додада колледж студенттері мен өндірістік оқыту шеберлері ұлттық тағамның жаңа үлгілерін ұсынды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Қазақтың ұлттық асханасының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрін сақтау мен ұлттық тағамдарды қайта жаңғырту үшін Алматыда ІІ республикалық «Ұлттық дәм» фестивальі өтіп жатыр.«Берекелі дастархан» кезеңінде дастарханда ши бауырсақ, үлпершек, жент, балқаймақ сынды ерекше сирек кездесетін тағамдар ұсынылған.

«Бүгін ұмыт болып бара жатқан «Жаужүрек» тағамын ұсынғым келіп отыр. Тарихына тоқталсам, бұл тағамды анасы баласын жорыққа шыққан кезде сүйіспеншілікпен, мейіріммен жаудан қорған болсын деп жас сойылған малдың бауырынан және іш майынан дайындаған», – деді байқауға қатысушы Сая Бақтыбайқызы.

Ал «Ұлттық дәм» байқауының екінші кезеңі «Жаңа ұрпақтың жаңашылдығы» деп аталды. Бұл сайыста студенттерден құралған 9 команда авторлық сусындардың тың түрлерін дайындап, табиғи қоспалардан әзірленген хош иісті шәй ұсынды. 

«Ұлттық дәм» фестиваліне қымыздан жасалған коктейль дайындап келдік, ішіне құлпынай, тәтті сироп қосылады. Коктейль адамның денсаулығына өте пайдалы. Сонымен қатар тәтті дәм қосып, ерекше коктейль дайындап жатырмын», – деді байқауға қатысушы Гүлфайруз Орынбек.

Байқаудың қорытынды кезеңі «Жанданған ұлттық дәм» атауымен өтті. Бұл бөлімде педагогтар командалары қазақтың көнеден жеткен тағамдарын жаңаша үлгіде ұсынды. Бірі қара қазанда бұрқыратып ет асса, енді бірі ұлттық нақыштағы тәтті тағам әзірлеп, аспаздық шеберлігін паш етті. Қатысушылар әсіресе астың көркем безендірілуіне айрықша көңіл бөлді.

«Байқаудың мақсаты – ұмытылып бара жатқан дәстүрлі қазақ тағамдарын қайта жаңғырту. Жаңа технологияларға сәйкес өңдеп, халыққа ұсыну. Жаңағы әр өңірден келген әріптестерімізмен тәжірибе алмасу», – деді Туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжінің директоры Нұрдәулет Жабықпаев.

Байқау қорытындысында ұлттық тағамды ұлықтап, аспаздық шеберлігімен ерекшеленген командалар арнайы марапаттарға ие болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазақтың бай дастарқан мәдениетін дәріптейтін тағылымды сайыс алдағы жылы да кең көлемде өткізіліп, ұлттық дәмді насихаттау дәстүрін жалғастыра бермек.

Мәди Мәлік. Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Тұтынушылар құқығын қорғау: жыл басынан бері 405 млн теңге қайтарылды

Новости партнеров