Биыл Ұлттық қордың активтері 37,3 триллион теңгені құрады. Жыл басынан маусым айына дейін қорға 1,8 триллион теңге қаражат түскен. Алайда салық төлемдері азайған. Ал жинақталған қаржы сақталып қана қоймай, бюджет трансферттеріне, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға, сондай-ақ «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына жұмсалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақстанның мемлекеттік кіріс көздерінің бірі – мұнай секторы саналады. Өйткені дәл осы саладағы салық түсімдері мен өзге де төлемдердің едәуір бөлігі ағымдағы шығындарға тікелей жұмсалмай, еліміздің Ұлттық қорында жинақталады.
Атап айтқанда қорға мұнай компанияларының корпоративтік табыс салығы, пайдалы қазбаларды өндіру салығы, экспортталатын шикізатқа салынатын рента салығы, өнімді бөлу бойынша Қазақстанның үлесі және басқа да төлемдер түседі. Табиғи ресурстарды өндіруден келетін кірістің бір бөлігі елдің қаржылық резервін қалыптастырады. Бұдан бөлек, сарапшылардың айтуынша, тағы 2 табыс түрі қорды толтыруға мүмкіндік беріп отыр.
«Мемлекеттік белгілі бір нысан аукциондарда сатылғанда оның ақшасы Ұлттық қорға барып түсуі керек. Мысалы мемлекет белгілі бір жерді немесе фабриканы сатты – оның ақшасы Ұлттық қорға барып түседі. Осындай түсімдер бар. Одан кейін ол ақшаны алып, Ұлттық қорда жәй жатпайды, ол инвестицияны алады. Ол белгілі бір акцияларға, облигацияларға салынады. Одан кейін әр жылдың аяғында оның қорытындысы шығып тұрады. Сол үшіншісі – инвестициялық түсім деп аталады. Сонда Ұлттық қор 3 нәрседен құрылады. Мұнай, республикалық меншікті сату және өзінің инвестициялық табысы», – деді қаржы сарапшысы Айбар Олжай.
Ал қор қаражатын Ұлттық банк инвестициялайды. Оның бір бөлігі республикалық бюджетке жіберіліп, елдің әлеуметтік және экономикалық дамуына жұмсалады. Биыл Ұлттық қордың активтері 37 триллион теңгеден асып, мұнайдан түскен пайда есебінен толығып келеді. Алайда түсімдердің құрылымы айтарлықтай өзгергені байқалады. Өйткені биыл қаңтар-маусым аралығында мұнай секторындағы заңды тұлғалардан түсетін корпоративтік табыс салығы бірден 60,8 пайызға өсіп, 798,9 млрд теңгеге жетті. Ал пайдалы қазбаларды өндіру салығы керісінше, 47,9%-ға азайып, 267,2 млрд теңгеге дейін төмендеді. Осылайша, бір жерде табыс азайғанымен, екінші көрсеткіштің өсуі жалпы түсім көлемін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Сарапшылар бұл жағдайды әлемдік нарықта мұнай бағасының құбылуымен түсіндіреді.
«Мұнайға тәуелді ел болғандықтан мұнай бағасы жоғары болса, экономикамызда дұрыс жағдай орын алады. Өйткені, экспортымыз өседі де, кіріс көбейеді. Ал енді мұнай бағасы күрт төмендеп кетсе, экспорт әлеуетіміз бірден құлайды. Өйткені мұнайды баррелін 100 доллардың деңгейінде сатып отырмыз. Ал енді кризис жағдайында ол 40 долларға дейін құлауы мүмкін. Оның құлаған кездері де болды», – деді экономист Мақсат Халық.
Ұлттық қорға түсетін қаржы жайын айттық. Енді сол қаражат қалай бөлінеді, қайда жұмсалады деген сұрақ туындайды. Бұл ретте басымдық ең алдымен өңірлерге, соның ішінде әлеуметтік нысандардың құрылысына бағытталады. Нақтырақ айтсақ, шалғай елдімекендерде жаңа емханалар мен мектептер салынып, сауықтыру кешендері бой көтереді. Ауылдағы инфрақұрылымды дамытуға да ден қойылған.
Былтыр «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 226 ауылда 255 жобаны іске асыру үшін бюджет пен Ұлттық қордан 73 миллиард теңге бөлінген. Нәтижесінде 150 әлеуметтік және 67 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысаны тұрғызылып, 180 шақырым жол мен мың шақырым инженерлік желі жаңартылды. Қолдау шаралары шағын қалаларды да қамтиды. Өткен жылы 21 шаһарда 40 жобаны жүзеге асыру үшін қор мен бюджеттен 12 миллиард теңгеге жуық ақша бөлінген.
Ал Ұлттық қор қаражаты жұмсалған ең ірі бағыттардың бірі – мектеп инфрақұрылымы. Былтыр қордан «Келешек мектептері» ұлттық жобасын іске асыруға 356 миллиард теңге бағытталды. Осылайша, соңғы 3 жылда ел бойынша 217 жаңа білім ордасы бой көтерді. Олардың жартысынан көбі ауылдық жерлерде орналасқан.
Сонымен қатар халық «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының да игілігін көріп отыр. Бастама іске қосылғалы қазақстандықтар нысаналы жинақтағы 62 миллион АҚШ долларынан аса қаражатты пайдаланған. Ол ақшаның 66 пайыздан астамы тұрғын үй жағдайын жақсартуға, ал қалғаны білім ақысын төлеуге жұмсалған.
Айта кетейік, балаларға жыл сайын есептелетін қаражат қордың орташа инвестициялық кірісінің 50 пайызын құрайды. Қор қаражаты елдегі негізгі коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға да жұмсалады. 2024 жылы елімізде 3,5 мың шақырымға жуық сумен жабдықтау және су бұру желісі салынып, қайта жаңғыртылған. Соның 2,3 мың шақырымы Ұлттық қор есебінен жүзеге асырылған. Осылайша, мұнайдан түскен кіріс ірі ұлттық жобаларға ғана емес, халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға да бағытталып жатыр.
Қорыта айтқанда, Ұлттық қордың негізгі міндеті – мұнайдан түскен табысты бір күндік шығынға жұмсап қоймай, оның бір бөлігін жинақтап, инвестициялау және қажет болған жағдайда ғана экономиканы қолдау. Ал қордан міндетті жұмсалған қаражат – нақты әлеуметтік нәтижеге айналуы қажет. Сонда ғана қордың толығуына мүмкіндік тумақ. Ал қосымша қазына – ертеңгі күнге деген сенім, дағдарыста тығырықтан шығудың жолы.
Оқи отырыңыз: Қызылордада күн қуатымен жұмыс істейтін алғашқы күріш зауыты ашылды