Ұлттық кітап күні: Қазақстанда демалыс күндері қандай іс-шаралар өтеді

18.04.2026 09:37

Аталған бастама кітап оқуды насихаттауға бағытталады

Аlmaty.tv

Ұлттық кітап күні қарсаңында демалыс күндері ел көлемінде «Weekend. Book. Vibes» атауымен іс-шаралар ұйымдастырылады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Аталған бастама кітап оқуды насихаттауға, оқу мәдениетін қалыптастыруға және балалар мен жастардың әдебиетке қызығушылығын арттыруға бағытталады.

"Бұл күндері республика бойынша кітапханаларда, мәдениет ошақтарында және білім беру ұйымдарында ашық аспан астында кітап оқуға арналған алаңдар, шығармалар негізінде түсірілген фильмдердің көрсетілімдері, кітап клубтарының басқосулары, балаларға арналған түрлі бағдарламалар ұйымдастырылады", - делінген Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарламасында.

Атап айтқанда, Абай облысында балаларға арналған «Кітап оқу алаңдары» акциясы мен «Демалыс пен кітап – шабыт үндестігі» атты поэзия кеші өтеді.

Ақмола облысында «Мен әлемді кітап арқылы білемін» әдеби кеші және «Quiz book: Білім бәйгесі» зияткерлік ойынын өткізу жоспарланған.

Ақтөбе облысында «Кітап – трендте!» әдеби-танымдық кеші өткізіледі.

Батыс Қазақстан облысында балалар мен оқушыларға арналған «Кітап кейіпкерлері сөйлейді» атты іс-шара ұйымдастырылады.

Жетісу облысында «Ақындар мұрасы» поэзия кеші мен зияткерлік ойындар өтсе, Қызылорда облысында «Кітап – сарқылмас қазына» оқу марафоны өткізіледі.

Оқи отырыңыз: Алматыда тозығы жеткен автокөліктерді сатып алу механизмі енгізіледі