Ұлттық санақ: санаулы мал ұстап отырған азаматтар да сауалнамаға қатысады

Леңгір қаласында жұмыс тобы 6820 үйді тіркеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Санаулы мал ұстап отырған азаматтар да ұлттық ауыл шаруашылығы санағына қатысуы тиіс. Қазір осы мақсатта өңір-өңірлерде дайындық кезеңі өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Төлеби ауданында респонденттер осындай арнайы киім киіп, тұрғын үйлерді аралауды бастап кетті. Санаққа шаруа қожалықтары, заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, сонымен қатар мал ұстайтын шаруашылықтар қатысуы тиіс. Сауалнама барысында азаматтардан жер, мал, техника, еңбек ресурстарына қатысты ақпараттар сұралады.

«Санақтың мақсаты – ауылшаруашылық дақылдарын, мал шаруашылық өнімдердің қаншалықты үлес пайызы артып жатқанын, онымен қалай жұмыс жасалып жатқанын анықтау. Мемлекетімізге деген сенімділікті білдіру», – деді Ұлттық ауыл шаруашылық санағына дайындық және жүргізу жөніндегі бөлімнің басшысы Қасымхан Мейірманов.

Санақ барысында Леңгір қаласындағы 5 сұхбатшыдан тұратын жұмыс тобы 6820 үйді тіркеді. Дегенмен жұртты мазалайтын бір жайт – жеке деректердің қауіпсіздігі. Бұл ретте жауаптылар «берілген барлық ақпарат құпия сақталады» деп сендіріп отыр. Ал санақ жүргізетін азаматтарды танудың бірнеше жолы бар.

«Департамент мөрі қойылған  бейджик болады. Егер оған да сенімсіздік туған жағдайда, әрбір сұхбатшының бейджигінде QR код болады. Оны сканерлеу арқылы Ұлттық статистика бюросының сайтына өтіп, сұхбатшы біздің қызметкер екенін білуге болады», – деді Сатистика департаменті басшысының орынбасары Нұрқожа Бекжанов.

Аталған санақ 1 тамызда басталады. Бұл науқан – елдегі ауыл шаруашылығының нақты бейнесін көруге мүмкіндік беретін басты құрал. Ол субсидия, аграрлық саясат және азық-түлік қауіпсіздігі секілді маңызды шешімдерге негіз болмақ.

Нұркен Әкімхан, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Алматыда мобильді топтардың жұмысын күшейту бағытында семинар басталды

Новости партнеров